Түркістан қаласында байдарка мен каноэде есуден 18 бен 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Азия чемпионаты және параканоэден Азия чемпионатының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Азияның үздік жас спортшыларын бір арнаға тоғыстырған дүбірлі дода Түркістандағы халықаралық стандарттарға сай салынған ескек есу арнасында ұйымдастырылды.
Биылғы Азия чемпионатына Азия құрлығының 15 елінен 300-ге жуық спортшы қатысуда. Атап айтқанда, Вьетнам, Гонконг, Үндістан, Ирак, Иран, Жапония, Корея Республикасы, Қырғызстан, Макао, Өзбекстан, Сингапур, Тайланд, Тәжікстан, Қытай Тайбэйі және Қазақстан құрамалары чемпиондық атақ үшін бақ сынамақ.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Түркістанның спорт орталығына да айналып келе жатқанын айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Сондай-ақ ашылу салтанатында Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Есеналин сөз сөйлеп, елімізде су спорты түрлерін дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Ол жастар спортына қолдау көрсету мен халықаралық жарыстарды өткізу Қазақстан спортының дамуына тың серпін беретінін атап өтті.
Бұдан кейін Азия каноэ конфедерациясының президенті Прашант Кушваха қатысушыларды чемпионаттың басталуымен құттықтап, Түркістандағы жарыстың жоғары ұйымдастырылу деңгейіне және заманауи спорт инфрақұрылымына оң бағасын берді.
Айта кетейік, Түркістан қаласының Жаңа қала шағынауданында орналасқан заманауи ескек есу арнасы былтыр Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің қатысуымен ресми түрде ашылып, пайдалануға берілген болатын. Ауқымды жоба өңірдің спорттық және туристік әлеуетін арттыруға бағытталған.
Жалпы аумағы 99 гектарды құрайтын кешеннің канал ұзындығы 2,2 шақырым, ені 260 метр болса, су сыйымдылығы 2 миллион текше метрге жетеді. Нысанда халықаралық жарыстар өткізуге мүмкіндік беретін 1000 орындық заманауи трибуна, күштік дайындық, йога және арнайы есу залдары қарастырылған.
Ескек есу арнасының басты ерекшелігі – табиғи су көзі жоқ аумақта орналасқан әлемдегі бірегей нысандардың бірі саналады.
Бүгінде бұл кешен Қазақстандағы су спортының негізгі оқу-жаттығу базасына айналып келеді. Заманауи инфрақұрылымның нәтижесінде Түркістан облысының су спортына машықтанған спортшылары 2025 жылы республикалық және халықаралық жарыстарда 500-ге жуық медаль жеңіп алып, өңір мерейін үстем етті. Ал Азия чемпионатының Түркістанда өтуі өңірдің халықаралық спорт орталығы ретіндегі әлеуетінің артып келе жатқанын тағы бір мәрте айғақтап отыр.














