Әскери кафедрадағы әскерилендірілген эстафета

1212

Спорттың адам өмірінде алатын орны зор екендігін бәріміз білеміз. Спортпен айналысқан адамның денсаулығы мықты, өзі шыдамды болады. Біздің ата — бабаларымыз “тәні саудың – жаны сау” — деп бекер айтпаған. Спорттың қай түрімен айналысу адамның қабілетіне байланысты болады. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің әскери кафедрасындағы оқу — тәрбие жұмыстарының басты міндеттерінің бірі – студенттердің ой өрісін дамыту, сабақ үлгеріміне қажетті жағдай тудыру, денсаулығын сақтап, денесін шынықтыру.

Оңтүстік Қазақстан университетінің әскери кафедрасында жылдық жоспарға сәйкес профессор оқытушы құрамымен студенттер арасында «Отан қорғаушылар және Жеңіс күніне» орай әскерилендірілген эстафета спорттық іс-шара сәуір айында өткізілді.

Жыл сайын Жоғарғы оқу орнында әскери-патриоттық жастар ойынын өткізудің негізгі мақсаты әскери қызметті насихаттау, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің имиджін арттыру болып табылады.

Өткізілген іс-шараның ашылу салтанатында тәжік-ауған қақтығысының ардагерлері: әскери кафедра бастығы полковник Жақып Амангельдиевич Кенжебаев, әскери кафедра бастығының орынбасары запастағы подполковник Абдихан Амирханович Урустамбеков пен ауған соғысының ардагері, әскери кафедра оқытушысы запастағы подполковник Қыдырали Тангирбердиевич Раимбердиев қатысушылар топтарына өз лебіздерін білдіріп, сәттілік тіледі.

Әлемде болып жатқан пандемияға байланысты спорттық іс-шара барлық санитарлық эпидемиялық талаптарды сақтай отырып, М.Әуезов атындағы ОҚУ «Буревестник» спорт кешенінің ашық алаңында өткізілді.

Әскерилендірілген эстафета ІV этаптан тұрады:

І-этап – АК-74 Калашников автоматы оқу қаруынан №12 нормативті орындау және 20 метрге жылдамдықпен жүгіру,

ІІ-этап – қол гранатасы мен № 1 нормативті орындау және 10 метрге жылдамдықпен жүгіру,

ІІІ-этап – жеке қорғаныс құралын кию,

ІV-этап — АК-74 Калашников автоматы оқу қаруынан №13 нормативті орындау.

Іс-шараның қорытындысы бойынша І-ІІ-ІІІ орындарға ие болған қатысушы топтарға грамоталар мен дипломдар салтанатты түрде тапсырылды. І-орынды 203 оқу взводының «Құрлык қырандары» тобы иеленсе, ІІ-орынды әскери кафедра профессор-оқытушы құрамынан құрылған «Ардагер» тобы ие болды, ІІІ-орын 491 оқу взводының «Барлаушы» тобына берілді.

Әскери кафедра бастығы полковник Жақып Амангельдиевич Кенжебаев өткізілген әскерилендірілген эстафетаны қорытындылай келе: «Біз тәрбиелеп отырған студенттер, болашақ Отан қорғаушыларымыз,

егеменді мемлекетіміздің білікті офицерлері болатынына нық сенімдімін»-деді.

Қарағанды облысының «Спасск» оқу-жаттығу орталығы полигонында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің «Айбын» Республикалық әскери-патриоттық жастар жиыны өткізіледі. Осы аталмыш ойындардың 1 және 2 жиындарына әскерилендірілген эстафета үздіктері бір құрама тобын толықтырып біздің әскери кафедрасының патриоттық клубының туын желбіретіп қатысқан.

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің әскери кафедрасы студенттері «Айбын» Республикалық әскери-патриоттық жастар жиынында граната лақтыру, күштік, әскери-патриоттық видеофильм, «Менің роботым» және басқа да сайыстарында жоғары орындарына иеленген.

Әскерилендірілген эстафета жыл сайын дәстүрлі түрде кафедрада өтікізіледі, себебі Азат елдің айбыны да, қорғаны да – Қарулы Күштерінде. Жыл сайын олардың шеберліктерін шыңдап, жетілдіріп отыру – мемлекет қауіпсіздігінің кепілі.

Құрманәлі Қайрат Саинұлы,

М.Әуезов атындағы ОҚУ әскери кафедрасының

оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі,

запастағы аға лейтенант.