МӘЖІЛІС ДЕПУТАТТАРЫ №2 БАЛАЛАР САЗ МЕКТЕБІНІҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

120
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Данабек Исабек пен Нұрсұлтан Байтілесов Шымкент қаласына жұмыс сапары барысында №2 балалар саз мектебінде болып, мекеменің қазіргі жай-күйімен танысты.
Іс-шараға қалалық мәслихат депутаты Муфтулла Қонақбаев, «AMANAT» партиясы Тұран аудандық филиалының атқарушы хатшысы Есімхан Бертаев, Шымкент қалалық білім басқармасының өкілдері қатысты.
1958 жылы негізі қаланған №2 балалар саз мектебі — қаладағы өнер саласына бағытталған жетекші оқу орындарының бірі. 2023 жылы мекеме үшін жаңа ғимарат салынып, пайдалануға берілді. Жаңа нысан 150 орынға шақталып, қазіргі заман талабына сай жабдықталған. Ғимарат ішінде 35 оқу бөлмесі, асхана, кітапхана, шеберхана, медициналық пункт және интернет желісімен қамтамасыз етілген оқу инфрақұрылымы қарастырылған.
Қазіргі таңда мектепте 1066 бала 13 бағыт бойынша өнер білімін алуда.
Атап айтқанда: домбыра, қобыз, дәстүрлі ән, баян, фортепиано, аккордеон, флейта, рубаб, саксофон, сурет салу, ән айту, хореография және скрипка класы бар.
Мектеп оқушылары қалалық, республикалық және халықаралық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болып келеді.
Мектептің материалдық-техникалық базасымен танысып шыққан Мәжіліс депутаттары оқу орнының жұмысына оң бағаларын беріп, шығармашылық ұжымға сәттілік тіледі.
– Балаларға үйірмелерге қатысып, өнермен айналысуына өте жақсы жағдай жасалған. Бұл — «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында көзделген маңызды жобалардың бірі. Осындай заманауи білім ордасынан ертеңгі күні еліміздің өнерін биікке көтеретін кәсіби өнерпаздар өсіп шығатынына сенімдімін, – деді депутат Данабек Исабек.
Кездесу соңында Мәжіліс депутаттары, әсіресе, мектептің оқу бағдарламасы мен балалардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға арналған қосымша мүмкіндіктеріне жоғары бағасын берді. Сонымен қатар, депутаттар мектептің өнер саласындағы әлеуетін арттыру үшін қосымша қолдау көрсету және мемлекеттік бағдарламалар арқылы жаңа бастамаларды жүзеге асыру қажеттілігін атап өтті.
Шымкент қаласының өнер саласында осындай мекемелердің көптеп дамуы елдің мәдениетінің болашағын нығайта түсетінін білдірді. Сондай-ақ, мектептің шығармашылық ұжымының жетістіктері мен еліміздің мәдениеті үшін маңызды үлес қосып келе жатқаны да ерекше атап өтілді. Жиын соңында депутаттар мектеп ұжымына шығармашылық табыс пен жаңадан ашылған ғимаратта үлкен жетістіктерге жетуді тіледі.