Шымкент қалалық Достық үйінде қоршаған ортаны қорғау және тұрақты өмір салтын қалыптастыру мақсатында «Дармарка» және «ЭкоКүн» атты экологиялық жәрмеңке ұйымдастырылды. Бұл шара Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай және «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясын қолдауға бағытталды. Сонымен қатар, жәрмеңке экологиялық жауапкершілікті арттыру, қаланың экологиялық мәдениетін нығайту және қоғамның белсенді бөлігін тарту мақсатында өткізілді.
«Дармарка» – тұтыну мәдениетін өзгертуге бағытталған әлеуметтік бастама. Бұл шараның ерекшелігі – жәрмеңкеге қатысушылар өз үйлеріндегі жақсы күйдегі, бірақ өздеріне қажетсіз заттарды әкеліп, басқалармен тегін алмастыру мүмкіндігіне ие болды. Осылайша, қатысушылар тұрмыстық заттар, киімдер, балалар ойыншықтары, кітаптар сияқты артық дүниелерді қайтарып, оларды басқа адамдарға табыстап, өз кезегінде қажетті заттармен алмасты. Мұндай бастама арқылы қоғам мүшелеріне артық заттарды қайта қолдану, оларды кәдеге жарату және қалдықтарды азайту мәселелері түсіндірілді. Бұл іс-шара экологиялық жауапкершілікті арттырып, қоғамды тұрақты тұтыну мен қайта өңдеудің маңыздылығына үгіттеуге бағытталды.
«ЭкоКүн» – қайта өңдеуге жарамды қалдықтарды қабылдау акциясы. Қала тұрғындары пластик (ПЭТ бөтелкелер), шыны, қағаз, картон және алюминий банкаларды өткізді. Бұл акцияның мақсаты – тұрғындарды қалдықтарды сұрыптауға үйрету, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қайталама өңдеудің маңыздылығын түсіндіру болды. Қалдықтарды бөлек жинау және өңдеу мәселесі қазіргі экологияны қорғау стратегиясының негізгі бағыты болып табылады. Сонымен қатар, бұл акция тұрғындардың санасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, сондай-ақ қоршаған ортаға тигізетін зиянды азайтуға мүмкіндік береді.
Іс-шараға «New Wave» жастар қозғалысы, Шымкент қаласындағы «Неміс» мәдени орталығы, «Екінші өмір» үйсіз жануарларға көмек көрсететін қайырымдылық қоры, «Добряки Шымкента» және «28 ілмек» әлеуметтік бастамасы сияқты ұйымдар да белсене қатысып, экологиялық мәдениетті дамытуға, қоршаған ортаны қорғауға бағытталған өз жобалары мен бастамаларын таныстырды. Бұл қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктердің қатысуы экологиялық бастамалардың маңыздылығын түсіндіруге және қоғамды белсенді түрде тартуға ықпал етті.
Шымкенттегі экологиялық шара қоғамда экологиялық мәдениет пен жауапкершілікті арттыруға үлкен үлес қосып, азаматтарды өз тұрмыстық қалдықтарын дұрыс сұрыптауға және қайта өңдеуге ынталандыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, бұл шараның экологиялық тәрбие беру мен қоғамның өмір салтын өзгертуге бағытталған маңызы ерекше.