ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНДА ҚОСЫМША БІЛІМ БЕРУДЕГІ БІРЫҢҒАЙ ВАУЧЕР ЖҮЙЕСІ АШЫҚ ТАЛҚЫЛАНДЫ

116
Шымкент қаласында қосымша білім беру саласына енгізіліп жатқан бірыңғай ваучер жүйесіне қатысты қоғамдық талқылау өтті. Іс-шараға Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, Қоғамдық кеңес мүшелері, кәсіпкерлер және қосымша білім беру ұйымдарының өкілдері қатысты.
Кездесу барысында пилоттық жобаны іске асыру кезінде туындаған мәселелер ашық талқыланып, қатысушылар тарапынан нақты ұсыныстар мен сын-ескертпелер айтылды.
Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек жаңа жүйенің жұмыс істеу тәртібін түсіндіріп, бұрынғы тәжірибеде қосымша біліммен қамту көрсеткіштері нақты жағдаймен сәйкес келмегенін мәлімдеді. Мәселен, тіркеуде 5 500 бала болғанымен, үйірмелерге нақты барып жүргені 4 000-нан аспаған. Бұл жағдай жалған есептіліктің бар екенін көрсеткен.
Жаңа ваучерлік жүйе бұл олқылықтардың алдын алуға бағытталған. Қазір білім беру процесі толық цифрландырылып, әр баланың нақты қандай үйірмеге барып жүргені автоматты түрде бақылануда.
Талқылау барысында Қоғамдық кеңес мүшелері қосымша білім беру ұйымдарын бір басқармаға шоғырландыру мәселесіне де тоқталды. Бұған дейін бұл ұйымдар салалық бағыттарға қарай – спорт, мәдениет және білім басқармалары арасында бөлінген болса, қазіргі өзгеріс бойынша олардың барлығы Білім басқармасының қарауына біріктірілуде. Қоғам өкілдері бұл өзгерістің заңды негізін пысықтау қажеттігін айтты.
Сонымен қатар, жиын барысында жалған тіркеу деректерінің алдын алу жолдары қарастырылып, жаңа жүйедегі бақылау механизмдерінің енгізілгені атап өтілді.
Кездесуді қорытындылаған Сәрсен Құранбек жаңа жүйенің тиімді тұстарын атап өтіп, қоғам тарапынан айтылған барлық ұсыныстар ескерілетінін жеткізді. Басты мақсат – қосымша білім беру саласында ашықтық пен әділеттілікті қамтамасыз ету.
Жаңа жүйе енгізілгеннен кейін барлық мәліметтер ашық әрі қолжетімді болады. Бұл өз кезегінде жүйенің тиімділігін арттырып, балалардың қосымша білім алу процесін сапалы түрде бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, болашақта қосымша білім беру ұйымдарының қызметі мен олардың жұмысына қатысты кез келген ақпаратты халықтың еркін пайдалануы қамтамасыз етілетін болады. Бұл қадамдар жүйенің ашықтығы мен әділеттілігін арттыра отырып, балаларға тең мүмкіндік беру мақсатында қабылданып отыр.