Шымкентте «Есірткісіз болашаққа» атты республикалық іс-шара өткізілді

1126
Бүгін Шымкент қаласының теміржол вокзалында «Есірткісіз болашаққа» атты республикалық акция өткізілді. Іс-шара Шымкент қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы және Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің Аутрич, Neet және жас отбасылар мен жұмыс бөлімі мен Шымкент қаласы «Жас Отан» жас қанатымен бірлесе отырып ұйымдастырылды. Сондай-ақ шараға үкіметтік емес ұйымның өкілдері мен жергілікті қала тұрғындары және спорт шеберлері қатысты.
Аталған акцияның мақсаты – жастарға синтетикалық есірткінің зияндылығын түсіндіре отырып, салауатты өмір салтын ұстануға шақыру болып табылады.
«Қазіргі таңда елімізде белең алған синтетикалық есірткінің әсіресе жастар арасында кең таралуы және оның алып келетін салдары мен жауапкершілігін түсіндіру біздің мақсатымыз. Осы ретте жаңадан қолданысқа енгізілген Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 299-1-бабы (әлеуметтік желілер арқылы синтетикалық есірткілерді заңсыз насихаттау) бойынша көзделген жауапкершілік мерзімі мен зияндылығы туралы түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Бұл бап бойынша үш жылдан алты жылға дейінгі мерзімде бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады», — деп ескертеді Шымкент қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері.
Жиын барысында шараға қатысушы Шымкент қаласы «Жас Отан» жас қанатының ерікті жастары есірткіге қатысты 300 дана буклеттер мен брошюраларды тұрғындар мен жолаушы азаматтарға таратты.