Аралдың ұлтанынан тұщы су көзі табылды

1192
Үлкен Арал теңізінің ұлтанынан ішуге жарамды су көзінің табылуын өзбекстандықтар жақсылыққа балап отыр. Өйткені тұщы су қоры бұрын биологиялық қалдықтар көмілген, былайғы жұрт «Барсакелмес» деп атап кеткен аралдан табылған, деп хабарлайды 24.kz.
Барлау жұмыстарын жүргізген көрші елдің өкілдері жалпы Қарақалпақстанның Шымбай, Тақтакөпір және Қара-ұзақ аудандарында тағы бірнеше су көздері бар екенін мәлімдеген. Соның негізінде биылғы жылы Арал теңізінің ұлтанынан өзбекстандықтар жалпы 50-ге жуық атрезиан қазып, құм басып қалған құдықтардың көзін аршуды көздеп отыр. Оған қоса оңтүстіктегі көршілер теңіздің қуаң тартқан бөлігін жасыл желекпен көмкеру және жағалаудағы халықтың әлеуетін арттыру мақсатында арнай жол картасын жасаған.
Күні бүгінге дейін 5,5 миллион гектар аумақты алып жатқан теңіз ұлтанының 400 мың гектар жеріне сексеуіл мен Қандым сияқты өскіндер отырғызылыпты. Алдағы он жылда оның көлемін бір миллион герктарға жеткізу жоспарланыпты. Жалпы Арал теңізінің ұлтанына жылына 100 мың тонна тозаң ауаға көретіліп ұшады екен. Тіпті соңғы жылдары тұзды жауын да жауа бастапты. Аймақтық мәселеден жаһандық жанайқайға айналған Арал проблемасы енді БҰҰ алаңында талқыланбақ.
Жалпы, теңіз ұлтанындағы жер асты сулары ауыл шаруашылық саласын жетілдіруге, яғни құнарлы жайылымдар мен мал шаруашылығы фермаларын құруға мүмкіндік береді деп отыр экологтар. Сайдрасул Сангинов, эколог: — Бұған дейін де Арал теңізінің аумағынан бірнеше су қоры табылған болатын. Дегенмен бұл жолғы тұщы су көзінің шығуы көңілді көншітеді. Өйткені ішуге жарамды су көзі «Барсакелмес», яғни «Возрождение» аралының аумағынан шығуы да біз үшін күтпеген жаңалық.
Өйткені бір кездері дәл сол аумақ өте қолайсыз саналған. Әрі онда қауіпті қалдықтар көмілген. Өзбекстан Президенті өткен жылдың тамыз айында Түрікменстанда өткен саммитте «Аралды құтқарудың халықаралық қорына» тың жобалар ұсынған еді. Мемлекет басшысының «Арал аумағында экологиялық инновациялық технологияларды қолдану» жөніндегі ұсынысы аймақ тұрғындарына қолайлы жағдай жасауға негіз болмақ.