АҚШ президенті Джо Байден Газа секторының тұрғындары мен Иордан өзенінің Батыс жағалауында тұратын палестиндіктерге гуманитарлық көмекке 100 миллион доллар бөлінетінін жариялады.
«Бұл ақша жанжал кесірінен үйін тастап шыққан бір миллионнан астам палестиндіктерді қолдауға және Газа секторындағы төтенше мұқтаж мақсатқа жұмсалады», – деп түсіндірді Байден.
Бұған дейін АҚШ президенті Конгресстен Украина, Израиль мен Тайваньға көмекке 100 миллиард долларға жуық ақша сұрамақшы деген ақпарат тараған. Израиль АҚШ-тан төтенше көмек ретінде 10 миллиард доллар сұрап өтініш жасаған.
Сәрсенбі күні Джо Байден Израильге сапармен барып, сол елдің премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен кездескен. Онымен әңгімелескеннен кейін АҚШ президенті соның қарсаңында Газа секторындағы аурухананың аумағында болған жарылысқа Израиль кінәлі емес сияқты деп мәлімдеген. Израильге өш ХАМАС радикал тобы бақылауындағы Газа секторында жергілікті билік әлгі жарылыстың салдарынан жүздеген адам қаза тапты деп хабарлаған.
Израиль әскерінің өкілдері жарылыс «Ислам жихады» радикал тобы Израильді көздеп атқан зымыран нысанадан ауытқып, басқа жаққа түскендіктен болған деп айтады. Палестина автономиясының билігі оны жоққа шығарып, барлық айыпты Израильге артқан.
Израильге сапарын қорытындылаған сөзінде Байден АҚШ Израильдің өз халқын қорғаған іс-қимылын қолдай беретінін мәлімдеп, осы елге шабуыл жасаған ХАМАС тобын айыптап, оны «Ислам мемлекеті» экстремистік тобына теңеді.
Дегенмен Батыстың бірқатар ақпарат құралы жария түрде жасалған мәлімдемелерге қарамастан АҚШ пен Израиль басшылығының көзқарасы кейбір мәселеде үйлесе бермейді деп жазды. Бұған дейін Байденнің ұшағында журналистерге АҚШ ұлттық қауіпсіздік кеңесінің өкілі Джон Кирби президент Байден Израиль басшылығына ары қарайғы жоспары туралы «қатаң сауалдар» қоятын болады деген еді. Бірақ нақты не жайында екенін ашып айтпады.
Израильге барғанға дейін Байден ХАМАС тобы жойылуы тиіс деп мәлімдеген. Бірақ егер Израиль Газа секторын басып алса, онысы үлкен қателік болатынын айтқан. Израильдің Times of Israel басылымы Ақ үй Израиль ХАМАС-ты жеңген соң Газа секторына қатысты не істейтінін білгісі келеді деп жазды.
Abai.kz