ЭКОНОМИКАНЫҢ ДАМУЫ – ЕЛДІҢ ДАМУЫ

832

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы аясындағы еңбек ұжымдарымен кездесулер жалғасуда. Бүгін ақпарат-насихат тобының мүшелері «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағындағы Шымкент химия компаниясының жұмыскерлерімен жүздесті.

Қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі Баршагүл Исабек Президент Жолдауында көтерілген тақырыптарды атап өтіп, қарапайым еңбек адамына тиер пайдасына тоқталды.

– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының біріккен отырысында жасаған Жолдауында негізгі бес тақырыпты көтерді. Соның ішінде ел өмірінің экономикалық-әлеуметтік саласына баса назар аударылып отыр. Мысалы, қазіргі таңда экономиканың негізгі қозғаушы күші саналатын шикізатқа тәуелділіктен біртіндеп арылып, шағын және орта кәсіпті дамыту маңызды болып тұр. Оның ішінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің орны бөлек. Көптеген жұмыс орны осы жоба аясында іске асырылуда. Ал әлеуметтік даму дегенде ойға, ең алдымен, денсаулық сақтау саласын дамыту, әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасының өсуіне мораторий жариялау, бала күтіміне байланысты берілетін жәрдемақы мерзімін 1 жылдан 1,5 жылға ұзарту сияқты жаңашылдықтар оралады. Мұның барлығы ел игілігі үшін орындалатын тапсырмалар, – деді Баршагүл Қашқынқызы.

Айта кетейік, Шымкент химия компаниясында метил-трет-бутил эфир өнімдерін шығарады. Зауыттың өндірістік қуаттылығы жылына 57 мың тонна өнімді құрайды.

«Шымкент келбеті»
Фото – Серік Қосаев