Доғарыңдар,
Жетер енді,
Тоқтатыңдар мазақты!
Белден басып бетегемді,
Қорладыңдар Қазақты.
Бұл не деген тәубесі жоқ,
Бітпейтұғын даңғаза?!
Көз арбайтын сәулесі көп…
Бәрі өтірік,
Далбаса.
Күдік пенен күмән жұпты,
Сырбаз — сырды сақтау бар.
Мезі қылды мына жұртты,
Марапат пен мақтаулар.
Сауық-сайран көргендерің,
Опа тапқан кім одан?!
Таққан медаль, ордендерің,
Құтқармайды күнәдан.
Көкіректер – сұрақ тұнған,
Көңілдерді қозғасын.
Кім сүртеді,
Жылап тұрған,
Желтоқсанның көз жасын?!
adyrna.kz