Латвияда оппозициялық саясаткер Алексей Росликов тұтқындалды, оған Ресейге көмектесті деген айып тағылды.
Латвияда «Тұрақтылық!» партиясының жетекшісі, Сеймнің бұрынғы депутаты Алексей Росликов ұсталды. Бұл туралы оның әріптестері Игорь Юдин мен Светлана Чулкова Facebook парақшаларында хабарлады. Алайда бұл ақпаратты ресми билік әзірге растаған жоқ.
Росликовқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. Оған агрессор мемлекет – Ресейге қолдау көрсетті, сондай-ақ ұлттық өшпенділік пен араздықты қоздырды деген айыптар тағылып отыр.
Айыптауға негіз болған жайт – 2025 жылғы 5 маусымда Сейм отырысында сөйлеген сөзі. Сол күні парламент Латвияда орыстандыру мен оның тілдік салдарын жою туралы декларацияны талқылаған. Құжат қоғамдық өмірде орыс тілін шектеуді көздейді.
Сол отырыста Росликов:
– Орыс тілі – бұл біздің тіліміз, — деп мәлімдеді.
Ол Латвияда орыстар ел халқының елеулі бөлігін құрайды, әрі олар күнделікті тұрмыста ана тілін қолданады, мұндай адамдарсыз мемлекеттің дамуы мүмкін емес деген ой айтты.
Осы мәлімдемесінен кейін парламент спикері Дайга Миериня оны этикалық нормаларды бұзды және отырыс кезінде орыс тілінде сөйледі деп айыптап, залдан шығару жөнінде дауыс беруді ұсынды. 63 депутат қолдап, Росликов отырыстан шығарылды. Ол енді алдағы алты парламент отырысына қатыса алмауы мүмкін.
2024 жылы 29 мамырда Латвия парламенті депутаттар қызметтік міндеттерін тек мемлекеттік тіл – латыш тілінде орындауы тиіс деген талапты бекітті. Ал 2024 жылдың 20 маусымында Сейм тағы бір маңызды заң қабылдады: ел аумағында тұрып жатқан ресейліктерге ықтиярхатты ұзарту үшін латыш тілінен емтихан тапсыру міндеттелді. Бұл талап 2003 жылға дейін ықтиярхат алғандарға қатысты, бірақ 75 жастан асқандар бұл талаптан босатылады.
Алексей Росликовтың ұсталуы Латвиядағы орыс тілінің мәртебесі мен аз ұлттардың құқықтары туралы талқылауды қайта күшейтті.