Түркістанда стадион мен медиаорталық және музей салынуда

1305
ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Маминнің Түркістан облысына іс-сапары кезінде облыс орталығында бой көтеретін стадионның құрылыс жұмыстары көрсетілді. 
Астаналық жұмыс тобын облыс әкімі Жансейіт Түймебаев нысан басына өзі алып барып, Түркістанның болашақтағы сәулеттік сәніне әр беретін ғимараттың орнын көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
7 мың орынға шақталған нысанды «BI Group» ЖШС-і салуда. Құрылыс барысын жобаның әзірлеушісі саналатын «Самұрық Қазына «Жылжымайтын мүлік қоры» АҚ-ның Басқарма төрағасы Б.Сандықбаев баяндады.
Оның айтуынша, спорт нысанының көлемі 33 286 шаршы метр болса, жалпы жобаның ауданы 6,4 гектарды құрайды. Болашақта жергілікті 100 адамды жұмыспен қамтуды көздеген ғимараттың ел игілігіне берілу мерзімі 2020 жылдың желтоқсанына жоспарланған.

Әкімшілік-іскерлік орталықта құрылыс барысымен танысқан бірінші вице-премьер жұмыстарды сапалы жасап, уақытылы пайдалануға беру мәселесіне жіті тоқталды. Мұнан соң, А.Маминге Қожа Ахмет Яссауи музейінің құрылыс жұмыстары таныстырылды. Аталған мұражайдың мердігері «Базис-А» холдингі. Ауданы 3 мың шаршы метрді алатын ғимаратта да келешекте 100 адам жұмыспен қамтылмақ. Ұлы тұлғаға арналған музейдің құрылыс жұмыстарын аяқтап, ел игіліне беру мерзімі келесі жылдың соңына жоспарланған.

Астаналық жұмыс тобы аялдаған келесі нысан əкімшілік-іскерлік орталығындағы медиаорталық болды. «BI Group» компаниясы мердігер болып табылатын нысанға Алматы қаласының əкімдігі тапсырыс берген. Аумағы 1 шақырым жерді алатын нысан 2020 жылдың соңында тапсырылмақ.
Айнұр Ақбаева