Қытайлық серіктестер Ақтөбе облысында карбамид өндіретін зауытты да салуға көмектеседі
Бүгін Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуатын екі есеге арттыру туралы келісімге қол қойылды. Бұл туралы энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қазіргі кезде Шымкент мұнай өңдеу зауыты жылына 6 млн тонна шикізатты өңдей алады. Бүгін энергетика министрлігі, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен China National Petroleum Corporation негіздемелік келісімді рәсімдеді. Соның аясында 2030 жылға дейін зауыт қуатын 12 млн тоннаға дейін арттыру қарастырылған. Соның нәтижесінде Қазақстанның мұнай өңдеу мен мұнай өнімдерін экспорттау әлеуеті артады.
Бұдан бөлек, бүгін CNPC Ақтөбе облысындағы «Северный-1» кен орнында геологиялық барлау жұмыстарын жүргізеді. Қытайлық серіктестер Ақтөбе облысында карбамид өндіретін зауытты да салуға көмектеседі. Ол жерде бір жылда 1,2 млн тоннаға дейән карбамид өндіру жоспарланып отыр.
Айта кетері, бүгін алғаш рет ұйымдастырылған «Power Central Asia + China» энергетикалық форумы аясында Қазақстан мен Қытай арасында тағы бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды.