ШЫМКЕНТТЕ МЕДИЦИНА МАМАНДАРЫ «АШЫҚ ЕСІК» КҮНІН ӨТКІЗЕДІ

1109

Бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков БАҚ өкілдеріне арнайы брифинг берді.

Баспасөз алаңында қаламыздың бас дәрігері қала күнін мерекелеу аясында денсаулық сақтау басқармасы тарапынан ұйымдастырылып жатқан «Ашық есік» күндері іс-шарасының бағдарламасымен бөлісіп, қала тұрғындары мен қонақтарын акцияға қатысуға шақырды.

«19 маусым Шымкентте дәстүрлі түрде қала күні атап өтіледі. Мерекеге орай Шымкент қаласының емдеу мекемелерінде еліміздегі жетекші мамандардың қатысуымен күрделі оталар жасалып, медицина саласының білікті мамандары ірі сауда орталықтарында тұрғындарға тегін кеңес беретін болады», — деді спикер.

Қала күніне орай бекітілген іс шаралар жоспарына сәйкес, 15 маусым күні:

— Шымкент қаласының бірқатар медициналық ұйымдарында Алматы қаласынан «Орталық клиникалық ауруханасы» АҚ-ы нейрохирургия орталығының меңгерушісі – Бердіходжаев Мыңжылқы Сайлауұлы;

— Шымкент қалалық онкологиялық орталығына Алматы қаласынан Қазақ Ұлттық Онкология және Радиология ғылыми-зерттеу институты АҚ-ның онкогинекология бөлімінің меңгерушісі – Кукубасов Ерлан Қайырғалиұлы, онкомаммология бөлімінің меңгерушісі – Абдрахманова Алия Жаңалыққызы;

— Шымкент жүрек орталығына Нұрсұлтан қаласынан Ұлттық кардиохирургия орталығының кардиохирургі, ХСН програмасының басшысы – Новикова Светлана Петровна, аритмологиялық қызмет басшысы – Абдрахманов Аян Сулейменұлы, интервенциялық хирург –Гончаров Алексей Юрьевич сынды білікті мамандар мастер-класс өткізеді.

Сонымен қатар осы күні:

— қалалық перинаталдық орталықта Алматы қаласындағы «Ғылыми орталығы акушерия, гинекология және перинатология» АҚ-ның төрайымы Мирзахметова Динара Досалықызы, Алматы қаласы Қазақ Ұлттық Онкология және Радиология ҒЗ институты АҚ-ның онкогинекология бөлімінің меңгерушісі Кукубасов Ерлан Кайырғалиұлы, онкомаммология бөлімінің меңгерушісі Абдрахманова Алия Жаңалыққызы жүкті әйелдер мен онкологиялық аурулары бар әйелдерді тегін консультациядан өткізеді;

— сағат 9:00 мен 17:00 аралығында Шымкент жүрек орталығында Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының жетекші мамандары Новикова Светлана Петровна мен Алимбаев Серік Анламазұлы қала тұрғындарына тегін консультация береді.

Сонымен қатар, 18 маусым күні сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін «Shymkent plaza», «ЦУМ», «Diamond plaza», «Hyper House» сияқты ірі сауда орталықтарында қаладағы 8 мемлекеттік медициналық мекемесінің және 8 жеке меншік медициналық мекемесінің кардиолог, невропатолог, окулист, офтальмолог, уролог, аллерголог, ревматолог, терапевт, хирург, педиатр, гастроэнтеролог, эндокринолог мамандары тұрғындарға медициналық кеңес беретін болады.