Кейде мемлекеттік қызмет атқару мен коммерциялық құрылымға барып бизнес жүргізу егіз ұғымдай көрініп жатады. Екеуінде бір бағдар – мансап, қалғаны өз артықшылықтары мен кемшіліктерінің еншісінде. Ұқсас деп айтарға дәлел де бар. Біздегі шенеуніктердің дені – бұрынғы кәсіпкерлер. Сол сияқты кәсіпкердің кейбірі – бұрынғы мемлекеттік қызметші. Ал мемлекеттік қызметшінің бизнеспен айналысуға құқығы бар ма?
Жұбайы арқылы
бизнес жүргізген
Жуырда Атырау облысында 184 мемлекеттік қызметшінің жұбайы арқылы кәсіп ашқаны анықталған. Олардың ішінде Қазынашылық департаментінің 20, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының 19, Атырау қалалық әкімдігі аппаратының 17, Құрманғазы аудандық әкімдігінің 17, Қызылқоға аудандық әкімдігінің 15 қызметкері бар. Бірақ өңірдегі Мемлекеттік қызмет істері департаментінің мамандары Әдеп жөніндегі кеңес отырысында мұның қылмысқа жатпайтынын айтыпты. Себебі Мемлекеттік қызмет істері басқармасының бастығы Салауат Муксимовтің сөзіне сенсек, мемлекеттік қызметкерлердің жақын туыстары заңды түрде кәсіпкерлікпен айналысуға құқылы екен. Алайда бұл күмәнді сейілтпесі анық. Мәселен, лауазымды қызмет иесі жақынының кәсібіне болысары сөзсіз. Сол мақсатта басқа өзге кәсіп иесінің мүддесіне қол сұғуы мүмкін. Салауат Муксимов болса, мұны шешудің жолы шенділерді бақылауға алу екенін жеткізіпті.
– Мемлекеттік қызметкерлердің жұбайларының бизнесі бар екенін жүргізілген талдау көрсетті. Біз әріптестерімізден, мемлекеттік органдардың басшыларынан болашақта мемлекеттік сатып алуды немесе басқа да конкурстық ресімдерді жүзеге асыру кезінде, ауыл шаруашылығын субсидиялауда мүдделер қайшылығын болдырмау үшін бақылауда ұстауды сұраймыз, – дейді.
Қысқасы, әзірге бар амал – бақылау ғана. Бір жақсысы, биылдан бастап мемлекеттік қызметшілердің кәсіпке байланысты деректері жыл сайын тексеріліп отырмақ. Ал енді заң аясына ойыссақ.
Шенеуніктің
бизнесі болмауы тиіс
Әуелі мынаны ескерсек – шенеуніктің кәсібі болмауы тиіс дегенімізбен, елімізде бизнестен саясатқа көшкен атқамінерлер көп. Мысалы, жыл басында 5 жылға сотталған Су ресурстары комитетінің бұрынғы төрағасы Ислам Әбішев саяси мансабын бастамас бұрын бірнеше бизнестің басын шалған екен. Ал Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов әкімдік қабырғасындағы мансабына дейін құрылыс компанияларына басшылық еткен. 2016 жылы шетелдік басылымдарда «Қазақстан, Ресей және дағдарысқа қарсы басқару ісіндегі мүлде екі бөлек тәсіл» атты мақала жарық көрген. Сол мақалада экономикалық сарапшы Владислав Иноземцев «Қазақстандағы атқамінерлердің көбі саяси сахнадағы рөлі мен кәсібін қоса алып жүреді» деп баға беріпті. Яғни, біздің шенділердің басым бөлігі екі саланың да қазанында қайнағандай көрінеді.
Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызметі туралы» заңының 13-бабында «жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдарға, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілет берілген адамдарға және оларға теңестірілген азаматтарға педагогтік, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметен өзге, ақы төленетін басқа да істермен, коммерциялық ұйымдарға басшылық қызметімен айналысуға тыйым салынады» делінген. Оның ішіне жеке кәсіппен айналысу да кіреді. Яғни, Президенттен бастап жергілікті өзін-өзі басқарудың сайланбалы органдарына үмітті кандидаттардың кәсіп ашуға құқығы жоқ. Тек шығармашылықпен айналысып, ғылым қазбалап, педагог болам десе ешкім тұсау салмайды. Дегенмен кейде қарасы көрінер шығармашылығы бар шенеуніктерді көргенімізбен, атағы жер жарған ғылыми дәрежесі болғанымен, жаңалық ашқан атқамінерді байқамадық. Айтпақшы, кәсіпке тыйым салған жоғарыдағы бап әу баста жемқорлықтың алдын алу үшін қабылданғанға ұқсайды. Бірақ осы баптың 1-тармағында аталған адамдар өздеріне тиесілі тұрғын үйді немесе мүлікті жалға беруге және одан пайда табуға болатыны айтылған.
Біз қозғаған мәселе жыл басында да сөз болды. Көбіне аймақтардағы әкімдік пен мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері өздерінің жалақысы аз болғанына шағымданады екен. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Марат Дәуешовке Мәжіліс депутаттары осы мәселе бойынша сұрау салған. Өңірлердегі жалақысы аз мемлекеттік қызметшілерге қосымша кәсіппен айналысуға рұқсат беру жайын тілге тиек еткен. Бірақ Марат Дауешов жауабын кесіп айтты – «мемлекеттік қызметшілер тек халықтың әл-ауқатын ойлауы тиіс. Басқа проблемаға бас қатырмауы қажет, одан да қызметтік міндетінің маңызы зор». Иә, бұл пікірді біз де қостар едік.
Бұдан бөлек, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының деректері біраз жайттың бетін ашатындай. Жыл сайын кәсібіне кедергі келтіретін шенеуніктер барын айтып, шағымын жеткізетін бизнесмендер көбейген. Мысалы, әр өңірден жыл сайын кемі 200 шағым түседі екен. Мұның өзі атқамінерлердің тікелей болмаса да, жанама түрде белгілі бір бизнеске қатысы барын аңғартатындай.
Қорыта айтсақ, шенділердің жұбайы мен жақындарына кәсіп ашуға рұқсат берілгенімен, мұның көлеңкелі жағы ескерілмей қалатын секілді. Себебі тек бақылаумен шендінің іс-әрекетін толық біле алмайтыны хақ. Ал ол азамат жақындарының мүддесі үшін қаншама өзге кәсіпкердің аяғына тұсау салмағанына кепілдік бере аламыз ба?
Мадияр ТӨЛЕУ