АТУДАН ОЛИМПИАДАЛЫҚ 3 ЛИЦЕНЗИЯ – ШЫМКЕНТТІҢ ҮЛЕСІНДЕ

839
Олимпиада ойындары — бұл үлкен спорттық жарыс. Кез келген спортшы осы жарысқа қатысып, жүлделі орынға ие болуды армандайды. 4 жылда бір келетін жарысқа қатысу спортшы үшін үлкен жауапкершілік пен еңбекті қажет етеді. Ұйқысыз түндер мен эмоциялық күйзелістер соңы жеңіс алып келеді.
Қазақстандық мергендер 26 шілде мен 6 тамыз аралығында Токио қаласында (Жапония) өтетін XXXII жазғы Олимпиада ойындарына қатысуға 3 олимпиадалық квотаны жеңіп алды. Үш квота да Шымкенттің үлесіне тиді.
Бірінші олимпиада лицензиясын стенд атудан ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері Сәрсенкүл Рысбекова жеңіп алды. Ол 2019 жылы XIV Азия чемпионатында (Катар) командалық есепте алтын медальді иеленді, жеке есепте 2-орынға қол жеткізді.
Екінші олимпиадалық лицензияны оқ атудан ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері Юрий Юрков алды. Лицензиялық XIV Азия чемпионатында (Катар) финалға түсіп, финалда Юрий 6-орынға ие болған. Қорытынысында лицензиясы жоқ спортшыларды айналып өтіп, олимпиадалық лицензияға қол жеткізді.
Үшінші олимпиадалық лицензия Зоя Кравченкоға тиесілі. Спортшы стенд ату бойынша ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері болып табылады. Зоя олимпиадалық лицензияны рейтингтік есепте жеңіп алды. Бір жыл ішінде спортшы ең жоғары нәтиже көрсеткен. Халықаралық спорттық ату федерациясының (ISSF) шешімімен Зоя Кравченкоға Олимпиада ойындарына қатысуға квота бөлінді.
Жалпы Шымкент қаласының қоржынында 6 олимпиадалық лицензия бар, оның 3-еуі мергендер үлесінде болып отыр.