ШЫМКЕНТТЕ ҚАЛАМГЕРЛЕР ЖЫЛДЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАДЫ

500

Бүгін Қазақстан Жазушылар Одағы Шымкент қалалық филиалы әдеби жыл қорытындысын өткізді. Әлемді дендеген пандемияның салдарынан бірер жылдан бері үзілген үрдісті қаламгерлер қауымы Әл-Фараби атындағы қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында қайта жаңғыртты.

Әдеби жыл қорытындысына арналған жиынға жазушы, Қазақстан Жазушылар Одағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Дәркен Танабайдың айтуынша, кейінгі үш жылда 30-дан астам кітап жарық көрген.

— 18 мамырда Алматыда Қазақстан жазушылар одағының жиыны өтпек. Осыған орай, біз қалалық филиал мүшелерінің басын қосып, қолға алған шаруаларымызды пысықтауды жөн көрдік. Өткен жылы марқұм Жеңіс Баһадүр ағамыз көзі тірісінде құрған жоспарына сәйкес бірқатар жұмыс атқарылды. Алда атқарылатын да іс-шаралар жетерлік. Қуантарлығы сол, ақын-жазушыларымыз пандемияға қарамастан 30-дан астам еңбекті жарыққа шығарды. Сонымен қатар, жазушы Еркінбек Тұрысов ағамыздың 95 жылдығына орай ескерткіш тақта қою жоспарланған. Ал, бүгін ақын жазушыларымыздың еңбектеріне жергілікті жоғары оқу орындарында қызмет ететін, жазушылар одағына мүше ғалымдарымыз талдау жасап отыр, -дейді Дәркен Танабай.

Жиын барысында филология ғылымының кандидаты, доцент Зылиха Жантасова өңірдің прозалық шығармаларына талдау жасады. Оның айтуынша, кейінгі бес жылда жарық көрген еңбектердің ішінде прозалық шығармалардың үлесі аз. Мәселен, «Рухани жаңғыру» сериясымен жарық көрген 10 томдықтың 5 томына ғана прозалық шығармалар енген. Одан өзге Мархаббат Байғұттың «Түркілер төрі Түркістан», Момбек Әбдәкімұлының «Зобалаң», Нармахан Бегалыұлының «Қажымұқан қағанаты» еңбектері шоқтығы биік шығарма екені де аталды.

Ал, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Қарлығаш Сапарбаева позиялық шығармаларды шолып шықты. Поэзияға қалам тербеп жүргендердің арасында жас буынның талпынысы жоғары екенін атап өтті. Сондай-ақ, Қ.Сапарбаеваның айтуынша, өткен жылы Дәурен Айманбетовтың «Аялдама», С.Мадиярқызының «Шахмат» атты өлеңдер жинағы жарық көргенімен, таралымы аз екенін, орталық кітапханаларға түспегенін тілге тиек етті.