РЕФЕРЕНДУМ – ҚАЗАҚСТАННЫҢ БОЛАШАҒЫН АЙҚЫНДАЙДЫ

467

Еліміздің мемлекеттік басқару жүйесін өзгертіп, саяси ахуалға жаңа дем беретін Конституциялық референдум – жалпыхалықтық деңгейде алғаш рет өткізілмек. Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» идеясының нақты жүзеге асуының дәлелі.

Референдумның мақсаты — саяси, құқықтық жүйемізді жетілдіріп, конституциялық реформа жасау және оны халықтың таңдауы арқылы құқықтық тұрғыда бекіту. Конституциялық реформа ел дамуының жаңа кезеңі басталғанын көрсетеді. 1995 жылдан бері алғаш өткелі жатқан референдум – Ата заңымыздың үштен бір бөлігін өзгертуі мүмкін. Сәйкесінше, еліміздің біршама маңызды салаларында өзгеріс болады. Нақтылап айтса, Мәжіліс пен облыстық мәслихаттардың депутаттарын сайлаудың аралас мажоритарлы-пропорционалды моделі енгізіледі.

Мәслихаттардың ықпалын арттыру арқылы сайлаушылардың көзқарастары мен пікірлерін барынша толық қамтуға мүмкіндік жасалады. Аудандық және қалалық мәслихаттардың депутаттарын сайлаудың мажоритарлық жүйесінің енгізілуі өңірлердің тыныс-тіршілігіне азаматтардың ықпал ету мүмкіндігін арттыруға жол ашады. Конституцияның жаңарған нұсқасында Мемлекет басшысының жақын туыстарына саяси лауазым иеленуге және квазимемлекеттік секторда басшылық қызмет атқаруға тыйым салынады. Сондай-ақ құқық қорғау саласы бойынша маңызды өзгерістер енгізіледі. Атап айтсақ, Конституциялық сот құрылады. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің, яғни омбудсменнің мәртебесі Ата заңмен айқындалады. Елімізде өлім жазасы мүлде жойылады. Мұның бәрі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін жасалып жатыр.

Жердің және табиғи ресурстардың иесі халық деген норманы Конституцияда біржола бекітудің саяси мәні зор болмақ және болашақта бұл мәселені әртүрлі түсіндіруге жол берілмеуі керек. Осыған байланысты, Негізгі заңның 6-бабын мынадай редакцияда беру ұсынылады: «Жер және оның қойнауы, су, өсімдіктер және жануарлар әлемі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі». Міне, осындай тарихи өзгеріс жасауға әр қазақстандықтың қатысуы маңызды.

Президентіміз ұсынған оң өзгерістер мен реформалардың іске асуына, Жаңа Қазқстанның қалыптасуына үлес қосу – әрқайсымыздың негізгі азаматтық борышымыз. Дана халқымыз айтқандай, қазіргі уақытта тірліктің де, берекенің де көзі – бірлікте. Осы тұрғыда біздер Қазақстанның демократиялы, әділетті және өркениетті мемлекет болып құрылуына барынша үлесімізді қосатын боламыз. Әрбір азамат жаңа тарихтың – Екінші Республика құрылысының қалыптасуына өзінің қатысуын сезінуі керек. Референдум өткізу азаматтардың осындай жалпыұлттық сипаттағы маңызды мәселеге және ел тағдырын шешуге дауыс беруге тікелей қатысуға мүмкіндік береді.

«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының Атқарушы хатшысы

БЕКТАЕВА ЖАНАР ӘЛІБЕКҚЫЗЫ