Қасым-Жомарт Тоқаев “Turkistan” газетіне берген сұхбатында берген ел армиясындағы сарбаздардың өлімі туралы сұраққа жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мемлекет басшысы бейбіт заманда әскери борышын өтеп жүрген сарбаздардың өлімі барлық күштік құрылым басшыларымен жуырда өткен кеңесте атап өтті.
“Қорғаныс саласына жауапты мекеменің басшылығын тәрбие жұмысын дұрыс қадағаламай отырғаны үшін сынға алдым. Армия жастарға қолдау көрсетіп, оларды еліміздің нағыз азаматы ретінде тәрбиелеп шығаруы керек. Командирлер әскери қызметшілерге үлгі-өнеге болуға тиіс. Әскерде әлімжеттікке, бұзақылыққа, рушылдыққа, жершілдікке орын жоқ, ондай жайттарға жол берілмейді. Мұның бәрін өзім жеке қадағалап отырамын. Мен ахуалды түзеу үшін шұғыл шаралар қабылдау жөнінде бұйрық бердім. Дегенмен, қайғылы оқиғалар әскери бөлімшелердің бәрінде болып жатпағанын атап өткен жөн. Тексеру жұмыстары, жалпы, әскердегі тәртіп қатаң сақталатынын көрсетті”, – дейді Тоқаев.
Президенттің айтуынша, танымалдыққа ұмтылған кейбір блогерлер әскердегі шынайы ахуалға мүлдем жанаспайтын сөз таратып жүр.
“Олар армияны сарбаздар күн сайын дерлік қылмыскерлердің құрбанына айналып, қаза табатын жер ретінде көрсеткісі келеді. Шын мәнінде, сарбаз болу – өзіңді дамыту үшін тың мүмкіндіктерге ие болу деген сөз. Әскери борышын өтеп қайтқан жастар жоғары оқу орындары мен колледждерде тегін оқи алады.Олар әскерде жүргенде сұранысқа ие мамандықтарды меңгереді. Келісімшартпен жұмыс істейтін әскери қызметшілер мен офицерлер әлеуметтік жағынан барынша қорғалған. Армияда темірдей тәртіп болуға тиіс. Сарбаздар ант бергенде айтатын “Әскери қызметтің ауыртпалықтары мен қиыншылықтарын табандылықпен көтеремін” деген сөзден әскери өмірдің қатаңдығын айқын аңғаруға болады”, – деп атап өтті мемлекет басшысы.
Оның айтуынша, әскери қызметтің абырой-беделін көтеру және еліміздің қорғаныс қабілетін арттыру – мемлекеттің басты басымдығының бірі.














