34 862 ОТБАСЫҒА АТАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК КӨРСЕТІЛДІ

981
Шымкент қаласында мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек көрсету жұмыстары белсенді жүргізілуде. Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Е.Бекмұратовтың мәліметінше, атаулы әлеуметтік көмекке 2021 жылға бюджеттен 13,5 млрд. теңге бөлінген (республикалық – 12,5 млрд теңге, жергілікті бюджет – 955,7 млн теңге).
Жыл басынан бері 34 862 отбасыға (172 089 адам) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, 4,8 млрд теңге көлемінде көмек көрсетілді.
Сондай-ақ, 1-6 жас аралығындағы 34 193 баланы кепілдік берілген әлеуметтік топтамамен қамтамасыз етуге 2021 жылға республикалық бюджеттен 2,4 млрд. теңге қарастырылған. І тоқсанда аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларды әлеуметтік топтамамен қамту бойынша 57 346 бала азық-түлікпен қамтамасыз етілді.
Жалпы атаулы көмек түрі азаматтардың аяққа тұрып кету үшін берілетінін, тұрақты түрде көрсетілмейтінін атап өткен жөн.
Сондай-ақ Шымкент қаласында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы биыл да жалғасын табуда. Басқарманың мәліметінше, жоспарға сәйкес жұмыстар негізгі 2 бағытта (Реконструкциялау бойынша 1 жоба, құрылыс бойынша 12 жоба) барлығы 13 жобаны іске асыруға 15 251,9 млн теңге бөлінген. Нәтижесінде 392 жұмыс орыны құрылады. 102 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Қазіргі кезде 11 инфрақұрылымдық жобаға мемлекеттік сатып алу рәсімделуде.