ШЫМКЕНТТЕ ПРОБЛЕМАЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ШЕШУ ҮШІН АРНАЙЫ ӘЛЕУМЕТТІК КАРТА ӘЗІРЛЕНЕДІ

903
Шымкент қаласындағы төрт ауданның әлеуметтік картасы жасалынатын болады. Бұл туралы бүгін қала әкімі Ерлан Айтаханов аппараттық жиналыста айтты.
Жиналыстың күн тәртібінде қаралған басты мәселе – қалаға қосылған 41 елді мекеннің инфрақұрылымын дамыту. Осы бағыттағы жұмысты жүйелендіру мақсатында қала басшысы әр ауданды секторға бөліп, өзекті мәселелер көрсетілген әлеуметтік карта әзірлеуді салалық басқарма басшылары мен аудан әкімдеріне тапсырды.
Осылайша, Ерлан Қуанышұлы күрмеуі шешілмей келе жатқан проблемаларды біртіндеп жүйелі түрде шешуге болатынын жеткізді. Шеткі аймақтардың негізгі мәселесі – жол, инженерлік инфрақұрылым, әлеуметтік нысандардың тапшылығы мен абаттандыру.
Бұдан бөлек, әкім шеткі аймақтардың инфрақұрылым жүйесін тарту жұмыстарына жеке инвесторларды да қатыстыруды атап өтті. Тұрғындарға өмір сүруге қолайлы ортаны қалыптастыру әкімдіктің басты мақсаты екенін айтқан қала әкімі ең алдымен қаланы қоқыстан тазартуды, сонымен қоса шадғайдағы елді мекен тұрғындары үшін тұрақты түрде көшпелі медицина қызметі мен жергілікті атқарушы органдармен көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді ұйымдастыруды айтты.
Аппарат отырысында сонымен қатар жылу беру маусымына дайындық барысы мен жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары пысықталды. Онда салаға жауапты мамандар жылыту маусымына дайындық кестеге сай жүргізіліп жатқанын айтып, 20 тамызға дейін медициналық мекемелер мен мектептер қысқа дайын болатынын мәдім етті. Қала басшысы жылу маусымына дайындықты бақылауда ұстауды тапсырып, штаб отырысын аптасына екі рет өткізуді айтты.
Сонымен қатар әкім өткен жылғы жіберілген кемшіліктерден сабақ алуды ескерте келе, биыл ол жағдай қайталанбау керек деді.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі