Шымкентте «Тұрғын үй» мекемесінің экс-директоры 8 жылға сотталды

1430
Бүгін Шымкент қаласы, Әл-Фараби аудандық сотында «Тұрғын үй» ЖШС-нің бұрынғы басшысы Мұхтар Мұхамбетжанға қатысты сот үкімі шықты.
Ол өзгенің сеніп тапсырылған қаражатын мақсатсыз пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылды. Белгілі болғаны, Мұхамбетжан қалалық әкімдіктің қарамағындағы кәсіпорынның директоры бола отырып, серіктестікке бюджеттен бөлінген қаражаттарды жеке мақсаттына пайдаланған. Салдарынан ол мемлекетке жалпы 30 миллион теңге көлемінде залал келтірген.
Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылы кәсіпорын басшысының басы дауға қалған болатын. Сол кезде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметіндегілер осы ұйымда қаржылық бұзушылықтарды анықтады. Кейінірек бұл айыпқа жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері үшін кінә қосылды.
Бұрынғы шенеунікке ҚР ҚК-нің 189-бабының 4-бөлігі «Аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету», 121-бабының 1-бөлігі «Жәбірленушіге күш қолдану арқылы немесе оны қолданамын деп қорқыту арқылы немесе жәбірленушінің дәрменсіз жағдайын пайдалану арқылы нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану әрекеттері», 147-бабының 5-бөлігі «Жеке өмірге қол сұғылмаушылықты және ҚР Жеке мәліметтер және оларды қорғау туралы заңнамасын бұзу» бойынша айып тағылды.
Бүгін бұл істе нүкте қойылды. Сотталушыға Шымкент қаласы, Әл-Фараби аудандық сотының судьясы Талғат Қахаров үкім шығарды.
«Сот Мұхтар Мұхамбетжанды 8 жылға бас бостандығынан айырып, мүлкін тәркілеусіз ең жоғарғы қауіпсіздік колониясында жазасын өтеумен үкім шығарды. ҚР ҚК 121-бабы бойынша (жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері) мен түсініктеме бермеймін, себебі жабық процесс болды», — деп хабарлады ол журналистерге.
Айта кетейік, сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Дереккөз:elitar.kz