Мемлекеттік жастар саясаты – басты назарда

720

Шымкент қаласында  мемлекеттік жастар саясаты қалай жүзеге асырылуда? Жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесі шешімін қалай табуда? Қаладағы жастар арасындағы түйткілді мәселелер шешімін қалай тауып жатыр?

Ерлан Айтбаев, Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығының директоры:–Жастармен жүргізген зерттеудің бірі – жастар өз мамандығы бойынша жұмысқа орналаса алмауы. Мұның екі себебі бар. Біріншісі, мектеп бітіруші түлектер болашақ кәсібі туралы ештеңе білмейді, өз ата-анасы таңдап берген мамандыққа түседі. Екіншісі, университет мен колледждердің басым көпшілігінде «жұмысқа орналастыру кеңсесі» жұмыс істемейді.
Мемлекет жастардың жұмыспен қамтылып, еліміздің дамуына үлес қосуына мейлінше тетіктерді қарастыруда. Бүгінде жастар саясаты саласында əлеуметтік маңызы бар «Дипломмен – ауылға!», «Жастар кадрлық резерві», «Жастар тəжірибесі», «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы сияқты жақсы бағдарламалар бар. Осы жобаларды қала жастарына кеңінен насихаттап, әлеуметтік желілерге ақпараттарды тұрақты түрде жариялап отыруды жүйеге қойдық.
Қазіргі таңда орталықта бітіруші түлектерге арналған «Болашаққа қадам» жобасы қолға алынған. Ол жоба бойынша біздің қызметкерлер жастардың дұрыс мамандық таңдау жасауына септігін тигізеді. Өндіріс орындарына апарып, жұмыс процесімен таныстырады. Бір сөзбен айтқанда, бағыт-бағдар береді. Ал таңдау әр түлектің өз еркінде.