ШЫМКЕНТТЕ 80 ГҮЛЗАР АШЫЛАДЫ

622

Шымкент қаласында алдағы жылдары жалпы аумағы жетпіс гектарды құрайтын 80 гүлзар пайда болады.

Бұл туралы Шымкент қаласының жетінші шақырылған мәслихатының кезекті он алтыншы сессиясында қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Ғалымжан Молдабайұлы Ілиясов мәлімдеді.

—Шымкент қаласында алдағы жылдары жалпы аумағы 70 гектарды құрайтын 80 гүлзар пайда болады. Ол үшін қаланың бас жоспарына түзетулер енгізіліп, орындары анықталды. Сонымен қатар Шымкент-Сити шағын ауданында аумағы 40 гектарлық, Тұран шағын ауданында 37 гектарлық, ал, Сәуле шағын ауданында 2,5 гектарлық саябақ ашу үшін жобалық — сметалық құжаттар әзірленіп жатыр, — деді Ғалымжан Молдабайұлы Ілиясов.

Сонымен бірге сала жетекшісі өткен жылы аудан әкімдіктерімен 75,5 мың дана, жасыл белдеуге 200 мың дана, саябақтар мен гүлзарларға 10 мың дана ағаш көшеттері егілгенін, ал биылғы жылдың көктем айларында жалпы 21 455 ағаш көшеті отырғызылғанын атап өтті.

Айта кетейік, сессияда мемлекеттік — жекешелік әріптестік жобаларының орындалуы, бағаны тұрақтандыру, инфрақұрылымын дамыту бағытында атқарылған жұмыстар және қала аумағын көгалдандыру мәселелері қаралып, тиісті шешімдер қабылданды. Сондай-ақ, бірқатар халық қалаулылары депутаттық сауал жолдады.

Сонымен қатар, сессия барысында қала әкімдігінің жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның және жастар саясаты жөніндегі кеңестің құрамы, Экспорт жөніндегі өңірлік кеңеспен және «Бизнес Шымкент» өңірлік үйлестіру кеңесінің дербес құрамдары жаңартылды.

Жиын соңында қала басшысы Мұрат Дүйсенбекұлы Әйтенов мегаполистің дамуына елеулі үлес қосатын шешімдердің қабылдануына қолдау жасағандары үшін депутаттар корпусына алғыс білдіріп, сондай-ақ, бірлесіп қаланың өркендеу бағытында нәтижелі жұмыс атқарылатынына сенімді екенін жеткізді.