ҒҰРЫПТЫҚ ӘНДЕР НАСИХАТТАЛДЫ

573

«Shymkala» этноауыл төрінде «Әдет-ғұрып және салт — дәстүр орталығының» ұйымдастыруымен «Ауыл кеші көңілді…» атты ән кеші өтті.

Іс-шараның басты мақсаты – ұмыт болып бара жатқан ұлттық салт-дәстүріміз бен ғұрыптық әндерімізді жас ұрпаққа насихаттау. Ән кешіне Түркістан облысының Жетісай, Сарыағаш, Арыс, Түлкібас, Созақ және Сайрам аудандары мәдениет үйлерінің өнерпаздары мен қаламыздың дәстүрлі әншілері қатысты.

— Қазақтың өнері мен дәстүрі мәдениетіміздің көрнекті саласы. Мәдениет саласына өзімнің қырық жыл ғұмырымды арнадым. Осы жылдары көп еңбектеніп, жақсы дүниелер шығардық. Қазіргі таңда жастарды да үйретіп жатырмыз. Оларға өз түйгендерімізбен бөлісіп, олар да бізге өзінің жаңашыл идеяларын ұсынады. Солай ерекше сыйлықтармен тойшыл қауымды түрлі сый-сияпатпен қызықтырып, жақсы көңіл күй сыйлаймыз. Біз бүгінгі ән кешіне «тойбастар» көрінісін алып келдік. «Дәстүрдің озығы мен тозығы бар» демекші, қазіргі тойбастар заманға сай түрленіп келеді, — деді Арыс қаласы мәдениет үйінің бөлім меңгерушісі Гүлсім Серікқызы.

Сонымен қатар, бағалы да қасиетті құндылықтарымыз бүгінгі кеште өз тұғырына қонды. Барлық салт -дәстүріміз сахна төрінде көрініс тапты.

Айта кетейік, бесік жыры, тұсаукесер, беташар, сыңсу, аушадияр, жар — жар, тойбастар, сондай-ақ,бақсылық, жарапазан, жоқтау сынды ғұрыптық әндер осы уақытқа дейін маңызын жоғалтпаған құнды мұраларымыз болып табылады.

«Ауыл кеші көңілді…» атты ән кешінде түрлі өнерпаздар өз өнерлерін көрсетіп, жасы үлкен қария кісілер ақ батасын берді. Сонымен бірге аталған іс-шараға қатысқан барлық өнерпаздарға ұйымдастырушылар тарапынан арнайы алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды.

Алдағы уақытта да өнерпаздардың таланттарына қолдау білдіруге бағытталған осындай іс-шаралардың маңызы артып, жалғасын табады деген сенімдеміз.