ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 2022 ЖЫЛЫ 14 МЕДИЦИНАЛЫҚ НЫСАН ХАЛЫҚ ИГІЛІГІНЕ БЕРІЛДІ

931
«Дені сау ұлт әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасы аясында 2022 жылы Түркістан облысындағы Мақтаарал, Келес, Сарыағаш, Сайрам, Төлеби, Қазығұрт аудандарында 11 медициналық тірек құрылысын жүргізу жоспарланған болатын. Қазіргі таңда құрылыс-монтаждау жұмыстары 11 нысан бойынша толық аяқталып, халық игілігіне берілді.
Сонымен қатар, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасы аясында 4 — фельдшерлік-акушерлік пунктінің құрылысы жүргізілуде. Ғимараттарды санитарлық талаптарға сәйкестендіру мақсатында басқармаға қарасты 5 ауруханада күрделі жөндеу жұмыстары басталып кетті.
Жедел жәрдем қызметін нормативке сәйкестендіріп, жүктемесін азайту мақсатында демеушілікпен Түркістан қаласында 25 бригадаға арналған жедел жәрдем стациясының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Сондай-ақ, Шардара ауданында бір ауысымда 150 адам қабылдайтын құрамында жедел жәрдем станциясымен қалалық емхана құрылысы аяқталды.
Бұдан бөлек, 2022 жылы Түркістанда «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылып, жүйке жүйесі мен тірек-қимыл аппаратының бұзылыстары бар науқас балаларды қабылдайды.
Бүгінде Түркістан қаласында H.H.Sheikh Mohamed Bin Zayad Al Nahyan атындағы 80 төсек-орындық перзентхана құрылысын салу үшін жобалау сметалық құжаттамалары әзірленіп сараптамаға кіргізілген. Сондай-ақ, ІІІ деңгейлі босандыру қызметін ұйымдастыру мақсатында және Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Сарыағаш ауданында перинаталдық орталығы бар медициналық кешен құрылысын жүргізу жоспарлануда. Сондай-ақ демеушілік есебінен Сарыағаш қаласында 100 төсек-орынға арналған оңалту орталығы бар инсульт орталығын салу көзделіп отыр.
ІІІ деңгейлі босандыру қызметін ұйымдастыру мақсатында Ордабасы ауданы, Темірлан ауылында да 200 төсек-орынға арналған перинаталдық орталық құрылысы жүргізілмек. Одан бөлек, жергілікті бюджет есебінен Сарыағаш, Отырар, Қазығұрт ауданындарынан дәрігерлік амбулатория құрылысы басталды. «Ауыл — Ел бесігі» бағдарламасы аясында Мақтаарал ауданы Игілік ауылында бір ауысымда 50 адам қабылдайтын дәрігерлік амбулатория құрылысы жүргізілуде. Құрылыс кезеңі 2023-2024 жылдары «Ауыл — Ел бесігі» бағдарламасы аясында Қазығұрт ауданында 2 — ФАП, Ордабасы ауданында 5 — ФАП, Түлкібас ауданында 4 — ФАП құрылыстары басталды.
Сонымен қатар, 13 жылжымалы кешен 325 шалғай ауылдық елдімекендерде тұратын халыққа медициналық қызметтер көрсетуде. Жылжымалы медициналық кешенмен жыл басынан бері 434 мыңнан аса адам медициналық көмекпен қамтылды.
Бүгінгі таңда Түркістан облысының қоғамдық денсаулық басқармасына қарасты медициналық ұйымдардан 11 айда 2 140, оның ішінде 838 дәрігер, 1302 орта буын маман оқытылды. Сондай-ақ, 2022 жылы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінен 190 дәрігер маманы Түркістан облысына жолданды, оның ішінде 113 дәрігер басқармаға қарасты медициналық ұйымдарға жолданып, 33 маман жұмысқа орналасты, қалған 77 дәрігер жеке меншік ұйымдарға жұмысқа жіберілді.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі