ҚАЛА КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА ШЫМКЕНТКЕ КЕЛУШІЛЕР КӨБЕЙГЕН

985

Шымкентте қала күні қарсаңында қалаға келушілер саны көбейген, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған ardak.kz ақпараттық агенттігі.

Қала күні қарсаңында әуе рейстері мен пойыз қатынастарында сатылым билеттерінің саны азайған. Әсіресе, апта соңына қарай, «Шымкент қаласы күнімен» тұспа-тұс келген демалыс күндеріне алдын ала брондау арқылы сатылып жатқан билеттер саны таусылуға шақ. Шымкент әуежайы арқылы қалаға осы апта ішінде 119 рейспен 22 мыңға жуық адам келмек. Одан өзге, Шымкент теміржол вокзалы арқылы шамамен 170-ке жуық пойыз қатынасының жүруі жоспарланған. Орташа есеппен, пойызбен Шымкентке 40 мыңнан аса адам саяхат жасамақ.

Осы күндері әуежайдағы тұрақты рейстер бойынша еліміздің Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтау, Атырау, Семей, Қостанай және шетелдің Анталия, Кутаиси, Стамбұл, Мәскеу және өзге де қалаларынан келушілер бар. Ал чартерлік рейстер қатарында Ақтөбе, Жезқазған, Павлодар, Петропавл, Тараз, Қызылорда және Қарағанды қалаларына әуе рейстері қатынауда. Сондай-ақ, жыл басынан бері халықаралық бағытта Анталия, Шарм-эль-Шейх, Дубай, Мәскеу, Бішкек, Ош, Медина, Гоа, Шарджа және тағы басқа да қалалармен чартерлік әуе рейстері қатынап келеді.

Ресми статистикаға сүйенсек, осы жылдың 3 айында Шымкентке 97 501 адам келіп, Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласынан кейінгі үшінші орынға ие болған. Айта өтсек, Шымкентте қала күні мерекесіне орай жиырмаға жуық іс-шара ұйымдастырылған.

2018 жылдың 19 маусымында Мемлекет басшысы Шымкент қаласына республикалық дәреже беру туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Шаhар басшысы қала күнiн  19 маусым күнi етiп белгiлеудi ұсынды. Мәслихат депутаттары бұл ұсынысты бiрауыздан қолдады. Содан бері 19 маусым Шымкентте Қала күні ретінде аталып өтіледі.

Қазіргі таңда үшінші мегаполисте заман талабына сай инфрақұрылым қалыптасып келеді, жаңа шағынаудандар, көшелер, спорт алаңшалары, тұрғын үйлер, мектептер мен балабақшалар салынуда. Инновациялық даму деңгейіне үлкен мән бере отырып, қала әкімдігі тұрғындарды әр жылғы мерекеде жаңа мәдени, спорт, білім нысандарының бой көтеруімен қуантуға тырысады.