Қазақстандық фильм Варшава кинофестивалінің бас жүлдесін жеңіп алды

1167

Режиссер Фархат Шәріпов түсірген «18 килогерц» атты көркем фильм қазақ киносының тарихында алғаш рет 36-шы Халықаралық Варшава кинофестивалінің бас жүлдесін жеңіп алды. Бұл туралы кеше фестивальдің жабылу салтанатында белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Марапаттау рәсімі кезінде тікелей эфирге қосылған отандық режиссер Фархат Шәріпов қуанышын жасырмай, жүлдеге қол жеткізгеніне сенбей отырғанын айтты.

— Фестиваль ұйымдастырушыларына алғысым шексіз. Осы қиын кезеңде киноға көңіл бөлгендеріңізге рахметімді айтамын. Сондай-ақ фильмге түскен дебютант-актерлерге, туындымыздың продюсеріне және картинаның түсіру тобына алғысымды айтамын , — дейді ол.

— Фильм барлық жүлделерге лайықты. Бұл — оқиғаны шынай баяндайтын керемет туынды. Біз тамашалаған 16 фильмнің ішінен қайсысы үздік екенін біз, қазылар алқасы, бірден түсіндік. Әр қазылар алқасының мүшесі өзіне ұнаған үш фильмнің тізімін берді. Бұл тізімді жариялаған соң бас жүлде кімге бұйыратынын бірден түсіндік, өйткені әр қазылар алқасы өз тізімінде бірінші орында «18 килогерц» фильмін белгілеген екен, — деді халықаралық қазылар алқасының мүшесі, Литваның мәдениет министрі Лиана Руоките-Йонссон.

Естеріңізге сала кетсек, «18 килогерц» — 90-шы жылдардың соңындағы жасөспрімдердің өмірінен сыр шертетін фильм.

Фильмнің түсіру жұмыстары Алматы қаласында жүргізілді. Басты рөлдерді Мұсахан Жұмахан, Әлібек Әдікен, Камила Фун-Со есімді жас дебютант-актерлер сомдады.

Әлемдегі ең беделді кино байқаулардың бірі – Варшавадағы Халықаралық кинофестиваль 1985 жылы негізі қаланған болатын. Халықаралық кинопродюсерлер қауымдастығының федерациясы шешімімен 2009 жылы бұл фестивальге «А» санаты берілген болатын.

Биыл, коронавирус індеті салдарынан дүние жүзінде орын алған қиын жағдайға қарамастан Варшава кинофестивалі қазанның 9-ы мен 18-і аралығында әдеттегі дәстүрлі форматта өтті.

Бұған дейін қазақстандық режиссер Фархат Шәріпов түсірген «18 килогерц» жаңа көркем фильмнің әлемдік тұсаукесері Орталық және Шығыс Еуропаның ең беделді фестивальдерінің бірі – 36-шы Халықаралық Варшава кинофестивалінің (WFF) негізгі байқауы шеңберінде өтетінін хабарлаған болатынбыз.