Ұлттық банк басшысы президенттің тапсырмалары қалай жүзеге асатынын айтты

891
Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Ерболат Досаев бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында 2019 жылғы 15 шілдеде берген тапсырмаларына сәйкес қаржы реттеушісінің қандай жұмыстар жүргізетінін айтып берді.
Ол экономиканы қолжетімді кредиттік ресурстармен қамтамасыз ету үшін Ұлттық банк «қарапайым заттар экономикасын» кредиттеу үшін банктерге ұзақ мерзімді қор беру механизмін жетілдіретінін атап өтті.
«Бағдарлама бойынша бөлінетін 600 млрд теңге Ұлттық банктің ноттарын немесе басқа қаржы құралдарын сатып алу мүмкіндігісіз бекітілген бағыттар бойынша кредиттер беруге ғана пайдаланылады. Банктердің облигацияларын сатып алу әлеуетті жобалардың тізімі болған кезде ғана жүзеге асырылады, ал банктердің облигацияларын сатып алуға жаңа транштар бұрын бөлінген қаражат толық игерілгеннен кейін бөлінеді», – деп хабарлады Е.Досаев.
Ол экономиканың нақты секторындағы бірқатар кәсіпорынның шектен тыс кредиттелуі және төлем жасау қабілетсіздігі бизнесті одан әрі кредиттеуді тежеп тұрғанын атап өтті. «Сондықтан кредиттеу процесін жандандыру үшін Үкімет тарапынан капиталы жеткіліксіз немесе теріс кәсіпорындарды жедел қалыпқа келтіру шараларын қабылдау маңызды деп санаймын», – деді Ұлттық банк басшысы.
Сонымен бірге Е.Досаев Ұлттық банк бекіткен, кепілсіз тұтынушылық кредиттер бойынша есептелген айыппұлдар мен өсімпұлдарды ағымдағы жылғы 30 шілдеге дейін есептен шығару механизміне сәйкес банктер мен микроқаржы ұйымдары есептелген тұрақсыздық айыбы бойынша берешекті кешіруді жүзеге асыратынын хабарлады.
Банктер, микроқаржы ұйымдары және Проблемалық кредиттер қоры арасында есептен шығарылған айыппұлдар мен өсімпұлдардың бір бөлігін өтеу туралы келісім жасалған соң 20 тамызға дейін ПКҚ банктерге және микроқаржы ұйымдарына айыппұлдар мен өсімпұлдар бойынша кешірілген берешектің 30%-ын өтейді. «Осыдан кейін Ұлттық банк өзінің бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асыру шеңберінде есептелген айыппұлдар мен өсімпұлдарды кешіру бойынша банктер мен микроқаржы ұйымдары жүргізген рәсімдерді тексереді. Жүйелік проблемаларды және болашақта азаматтардың берешегінің бақылаусыз өсуін шектеу мақсатында осы жылдың соңына дейін Ұлттық банк кредиттеу субъектілерін, оның ішінде онлайн-кредиторларды, кредиттік серіктестіктерді және ломбардтарды реттеу мәселелері бойынша қажетті нормативтік-құқықтық актілер қабылдайды», – деп түсіндірді Ұлттық банк төрағасы.
Ол Банктер мен банктік қызмет туралы заңға және Микроқаржылық ұйымдар туралы заңға 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар қарыздарға тұрақсыздық айыбын, комиссияларды және өзге де төлемдер есептеуге тыйым белгілеу бойынша түзетулер енгізілетінін айтты. Бұл түзетулерді Ұлттық банк Парламенттің қарауына ағымдағы жылғы қыркүйекте енгізеді. «Азаматтардың борыштық жүктемесінің коэффициентін есептеу кезінде қарыз беру кезінде қарыз алушының барлық міндеттемелері, оның төлем қабілеттілігі және әлеуметтік мәртебесі есепке алынатын болады. Мәселен, борыштық жүктеме коэффициентінің шекті мөлшерін есептеу кезінде отбасының кәмелеттік жасқа толмаған әрбір мүшесіне тиесілі ең төменгі күнкөріс мөлшері шегерілетін болады. Пруденциялық реттеу шеңберінде кепілсіз тұтынушылық кредиттер беру кезіндегі банктердің меншік капиталына қойылатын талаптар күшейеді. Бұл шектен тыс кредит беру саясатының алдын алуға бағытталған», – деді Е.Досаев.
Ұлттық банк басшысы атап өткендей, заң аясындағы актілерге тиісті түзетулерді Ұлттық банк ағымдағы жылғы қыркүйекте қабылдайтын болады. Үкімет отырысында Е.Досаев Ұлттық банк банк секторын қалпына келтіру процесін түпкілікті аяқтау үшін ағымдағы жылдың екінші жартысында халықаралық стандарттар бойынша банктер активтерінің сапасын тәуелсіз бағалау жүргізетінін де айтты. Бағалауға халықаралық сарапшылар тартылды. «Енгізілген тәуекелге бағдарланған қадағалауды және активтердің сапасын бағалауды ескере отырып, Қазақстанның банк жүйесінің дамуы мен тұрақтылығын қамтамасыз етудің жаңа тәсілдері іске асырылатын болады», – деп толықтырды ол.
Е.Досаев айтып өткендей, жүргізіліп отырған бағам саясатына халықтың және бизнестің сенімін және транспаренттілігін арттыру Ұлттық банк жұмысының негізгі басым бағыттарының бірі болып табылады. «Бұл бағытта Ұлттық банк бірқатар шаралар кешенін қабылдады. 2019 жылғы 1 шілдеден бастап KASE Қазақстан қор биржасына сауда күнін ұзарту және қатысушылар үшін сауда-саттықтың қолжетімділігін арттыру мақсатында өтпелі валюталық сессия енгізілді. Шетел валюталарымен сауда-саттық жүргізудің жаңа режимі шетелдік қатысушылар үшін теңгемен есеп айырысулар мүмкіндігін кеңейтеді», – деді ол.
Ұлттық банк төрағасының айтуынша, валюталық интервенцияны қоса алғанда, өткен айда жасалған барлық операциялар туралы ақпарат жария етіледі, базалық мөлшерлемеге қатысты келешектегі іс-қимылдарға және ақша-кредит және валюталық саясат бағыттары туралы белгілерге қатысты бағдарлар беріледі. «Жүргізіліп отырған бағам саясатына сенімді арттыру үшін валюта нарығындағы ахуал бойынша түсіндіру жұмыстары және нарыққа кәсіби қатысушылармен және халықпен қарым-қатынас жалғасады. Валюта нарығындағы сұраныс пен ұсыныстың теңгерімін жақсарту үшін валюта нарығындағы квазимемлекеттік сектор компаниялары ісқимылының үйлесімін және келісімділігін арттыру шаралары қабылдануда. Шетел валютасын сатып алу көлемі ай сайын келісіледі», – деп хабарлады Е.Досаев.
Сөзін қорытындылай келе, Ұлттық банк басшысы Халықаралық валюта қорының жуырдағы Қазақстанға миссиясы аясында ақша-кредит саясаты мәселелері бойынша бірқатар нәтижелі кездесу өткенін атап өтті.
«Біз жүргізіліп отырған бағам саясатына қатысты халықтың және бизнестің сенімін және транспаренттілігін арттыру жөніндегі ұсыныстарды президент белгілеген мерзімде ұсынуға дайынбыз», – деп сөзін қорытындылады Е.Досаев.

Дереккөз:24.kz