Шымкент әкімдігі жаңа жылдық шыршаға 35 миллион теңге бөлді

1023

Жер-жерде жаңа жылға дайындық жүріп жатыр. Әкімдіктегілер әуелі азаттық күнін атап өтіп, сосын ғана безендіруге кірісеміз дегенімен, сатып алулар сайтында тапсырыстар әлдеқашаннан тұр. Мәселен шымқалаға шырша қойып, шырайын аша түсу үшін жергілікті басшы 35 миллион теңге бөлдіріпті. Оны жеңіп алған мердігер шыршаны дайындап, әртүрлі жарықшамдарды ілуі шарт. Бірақ әкімдіктің бұл идеясы «зың» қаланың тұрғындарын қуанта қоймады.

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.  

Шымкентте жаңа жылдық безендіруге бөлінген қаражат былтырғыға қарағанда едәуір көп. 2019 жылы 29 миллион теңге қарастырылса, биыл 35 миллион теңгеге жеткізіпті.

ЕРУБАЙ ҚҰРАЛБАЕВ, ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ: «Шамамен 350-ге жуық жарықпен безендірілген кронштеиндер. Сондай-ақ, 14 жерге жарықпен безендірілген кіші сәулеттік пішіндер орнату және де 10 жерге көше үстіне жарықпен безендірілген керме тартпа орнату жұмыстары жүргізіледі».

Бұл хабарландыру мемлекеттік сатып алулар байқауы туралы сайтта 9 желтоқсанда жарияланған. Жақында жеңімпаз анықталады. Айы оңынан туған компания талапқа сәйкес, биіктігі 2.5 жарымнан 8 метрге дейінгі металлдан жасалған жарықдиодты шағын сәулет формалары мен 18 метрлік жарықдиодты шыршаны әзірлеуі шарт.

 ЕРУБАЙ ҚҰРАЛБАЕВ, ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ: «Бұл жұмыстар Тәуелсіздік күні мерекесінен кейін қолға алынып, жаңа жыл мерекесі қарсаңында іске асырылатын болады. Келер жылдың 14 қаңтарында демонтаждау жұмыстары атқарылатын болады».

Дегенмен, ел үшін жасалып жатқан әкімдіктің бұл бастамасын халықтың бірі құптаса, кейбірі қарсылық танытуда. Себебі, ел әлі індетпен алысып жатқанда қаражатты шыршаға жұмсағанша, халық денсаулығын жақсартуға бағыттаған абзал еді дейді.

 ӘСЕМ ТОЙХАНҚЫЗЫ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: «Ойлаймын, что қажеті жоқ. Өйткені, халық қиналып жүр қазір. Соған орай, ол ақшаларды тиімді нәрсеге жұмсау керек шығар».

 НАЗЕРКЕ ОРАЗӘЛИЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: «Өз басым қажет емес деп ойлаймын. Өйткені, мынандай індет кезінде, ол ақшаны медицинаға, яғни, қажетті құралдарға медициналық құралдарға жұмсаса орынды деп ойлаймын. Қанша адам жақындарынан айырылды. Қанша адам дертке ұшырап жатыр. Ондай жағдайда шыршаға сонша ақшаны құрту орынды деп санамаймын».

 САВАХАТ НАЗАРОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Дұрыс қой, енді. Жаңа жыл қарсаңында бәріміз карантин деп отыра бермейміз ғой. Дұрыс енді.

«Жылдағысы жылда болып тұрған дұрыс қой, негізі. Қажет сияқты. Жылда тойланып жүргені».

Осыдан бес жыл бұрын қала әкімі болған Ғабидолла Әбдірахимов жаңа жылдық безендіруге бөлінген қаражатты тұрмысы төмен отбасының балалары мен жетім-жесірлерге бөліп беріп, кішкентайларды қатты қуантқан еді. Сол уақытта барлығы 5 мың бүлдіршін әкімнен материалдық көмек алған-тын. Ал, шырша мен безендіру кәсіпкерлердің есебінен жүргізілді. Биыл ондай мүмкіндік бола қоймас. Айтпақшы, шырша қаланың екі жеріне қойылады.