Жемқорлықпен күрес қызметі «су ресурстары комитетінің бұрынғы төрағасы Ислам Әбішевке тергеу орындары қысым жасады» деген мәлімдемені негізсіз деп атап, істің сотқа жіберілгенін хабарлады.
Қыркүйектің 12-сіне Ислам Әбішевтің адвокаттары қорғауындағы адамға қысым көрсетіліп жатқаны жайлы баспасөз мәслихатын өтікзіп, мәлімдеме жасаған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Азаттыққа хабарлауына қарағанда Ислам Әбішев пен Серік Түкеевтің үстінен қозғалған қылмыстық іс қыркүйектің 9-ына Бас прокуратураға түскен. Бас прокуратура қыркүйектің 16-сына айыптау актісін бекітіп, сотқа жіберген.
Су ресурстары комитетінің бұрынғы төрағасы 63 жастағы Ислам Әбішев және дүниежүзілік қазақша күрес федерациясының вице-президенті Серік Түкеев 2019 жылы 14 наурыздан бері тергеу изоляторында қамауда отыр.
Жемқорлықпен күрес қызметі олардың «еншілес компаниядан 60 миллион теңге көлемінде пара алды» деген күдікке ілінгенін мәлімдеген.
Ислам Әбішевтің адвокаты Абзал Құспанның айтуынша, су ресурстары комитетінің бұрынғы басшысына «пара алуға оқталу» бабы бойынша айып тағылған. Оның сөзінше, іс материалдарындағы «стенограммадан Әбішевтің ақша алмақ болғаны немесе алуға келіскені жайлы бірде-бір сөз таба алмаған».
Ислам Әбішев 2012 — 2013 жылдары және 2014 жылдан 2019 жылдың наурызына дейін ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты су ресурстары комитетінің төрағасы қызметін атқарған.
Дереккөз:zhasalash.kz