Түркістан облысында білім саласының қызметкерлері 2 млрд теңгеден астам қаражатты жымқырды деген күдікке ілінді

1215

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет білім беру саласындағы жүйелі жемқорлықты анықтау бойынша жұмысты жалғастырып жатыр. Бұған дейін Алматы, Шымкент қалалары мен Қызылорда, Ақтөбе, Алматы және Жетісу облыстарында қылмыстық әрекеттер ашылған болатын.

Түркістан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Шардара және Сарыағаш аудандарының білім бөлімдерінің бухгалтерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.

Олар бюджет қаражатын аса ірі көлемде жүйелі негізде жымқырды деген күдікке ілінді. Тергеу мәліметтері бойынша, күдікті тұлғалар 2020-2023 жылдар аралығында білім беру саласында жұмыс істемейтін тұлғалардың шоттарына ақша қаражатын аудару, сондай-ақ мектеп қызметкерлеріне жоғары жалақы есептеу арқылы шамамен 2,6 млрд теңге сома жымқырған.

Қазіргі уақытта Түркістан облысының білім беру саласынан 17 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып жатыр, олардың 4-і қамалды. Залалды өтеу мақсатында 39 жылжымайтын мүлік, 44 автомашина, зергерлік бұйымдар және қылмыстық істер бойынша айыпталушылардың ақшалай қаражаттары бұғатталды.

Сонымен қатар, тергеу барысында Түркістан облысының Тексеру комиссиясының мемлекеттік аудиторы әшкереленді, ол Сарыағаш ауданындағы мектептердің бірінде аудит барысында анықталған жымқыру фактілерін пайдакүнемдік ниетпен жасырған. Сондай-ақ, Жетісу облысында ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамында 2,5 жыл ішінде 4,4 млрд теңге жымқырған қалалық білім бөлімінің қызметкерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталды.

Қылмыстық топқа басшы мен оның қарамағындағылар, сондай-ақ орта мектеп бухгалтері кірді. Барлығы 13 адам.

Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.