6 триллион қайда?

442
Коронавирус індетіне қарсы күреске бөлінген 6 триллион теңгенің «қызығын» қарапайым тұрғындарға қарағанда, олигархтар мен банкирлер аямай көрді. Бұл қаржының 5 пайызы ғана 42 500 теңге көлемінде уақытша жұмыссыз қалғандарға үлестірілсе, негізгі жілікті жері байшыкештерге бұйырды.
Әлемдік қаржы дағдарысы қарсаңында бюджет қаржысын опыра асайтын шенеуніктер «дәстүр-салтынан» әлі де жаңылмай отыр. Ұтқыр ойлы ұсыныстар парламент төрінен естілмей тұр. Кімнің кімге борышкер екенін түсінуден қалдық. Үкімет халықтың қамын ойлауы керек пе, халық үкіметтің қамын жеуі керек пе? Пандемия кесірінен төніп келе жатқан экономикалық рецессия кезінде Қазақстан үкіметінің бюджеттік саясаты қандай бағыт алды? Алда бізді не күтіп тұр? Мақтааралдағы су апаты бізге қандай сабақ болды? Қазір көпшілікті осы және өзге де мәселелер қатты толғандырып отырғаны рас.
Республика бюджетінің жүзеге асуын 15 жыл бойы тынбастан зерттеп келе жатқан мемлекет қаржысы жөніндегі сарапшы, «Zertteu Research Institute»
сараптама орталығының ойына келген бағамен сатып алып жатқан кәкір- қоғамдық қорының құрылтайшысы Шолпан Әйтенованың бұл мәселелер бойынша пікірі тіпті қызық.
–Қазіргі заң талаптарын бюджеттің тепе-теңдігі мен мемлекеттік қаржының тұрақтылығына қарай ыңғайлау реформаларын бюджеттік саясаттың жақсы жағы деп айтуға болады. Бірақ прогрессивті құқықтық құжаттың барлығы бюджеттің тиімді орындалуына кепілдік бола алмайды. Бюджеттік саясаттың ең негізгі кемшілігі мемлекеттік бағдарламалар мен бюджет шығындарының қағаз түріндегі формалды байланысы, нәтиже аяқсыз қалса, ешкімге жауапкершіліктің жүктелмейтіні деп айтар едім.
Жауапкершілік жоқ болғандықтан шығар, әділет министрлігіне қарасты сот шүкірін көрсеңіз, жаға ұстайсыз. «Zertteu Research Institute» қоғамдық қорының хабарлауынша, аталған мекеме биыл 4 мамырда бір литрлік дезинфекция жасайтын антисептик флаконын 24 650 теңгеден сатып алған. Ал оның бағасы нарықта 6222 теңге тұрады. Бір-екі данасын сатып алса ештеңе емес еді. 639 флаконды барлығы 15 млн 700 мың теңгеге сатып алған. Бас-аяғы 3,5 млн теңгеден аспайтын антисептик төрт есе қымбатқа түскен.
 Араға бір күн салып әділет министрлігінің сот сараптамалық орталығы бұдан да сорақы саудаға жол берген. 5 мамыр күні адамның дене қызуын қашықтан өлшейтін 35 тепловизор сатып алыпты. Бір тепловизордың нарықтағы құны 7900 теңге тұрса, әділет министрлігі оның әр данасын 25 есе қымбатқа – 199 900 теңгеден сатып алып, «жомарттық» жасаған. 35 тепловизордың жалпы құны 6 999 500 теңгеге шыққан. Бір күндік «бизнес».     Егер бұл қаржы сол сатып алушының өз қалтасынан шықса үндемес едік. Бюджеттің әр тиынында әрбір азаматтың маңдай тері бар ғой. Оның жауабы осы дүниеде және шұғыл түрде берілуі тиіс.
    Мұндай жағдай жергілікті әкімдіктер мен мемлекеттік органдарда да жиі кездеседі. Өйткені жергілікті бюджеттің 60-70 пайызы республикалық бюджеттен қаржыландырылса да, ол ақшаны қайда, не үшін жұмсауды әкімнің өзі ғана шешеді. Бірақ оның соңы қатаң бақылауға алынбайды. Бақылау болмаған жерде жауапсыздық, салғырттық, өзімбілемдікпен қоса, жемқорлықтың да өре жайылатыны бар. Бір күндік «бизнес» дамыған үстіне дами түседі.
 Әу баста коронавирусқа қарсы күреске мемлекет есебінен 6 трлн теңге бөлінгенін айтқан едік. Енді сол әңгімеге қайта ойыссақ. 6 трлн теңге – Қазақстанның жылдық бюджетінің тең жартысына жуық. Бұл қаржы қайда кетті? Нақты қай салаға қанша ақша бөлінді? Жауап жоқ.
Төтенше жағдай енгізіліп, екі апта өтер-өтпестен ірі супермаркет қожайындары «230 млн теңге шығын көрдік» деп, үкіметтен ақша сұрап қыңқылдай бастады. Ұлттық әуе компанияларымыз шығындарын бұдан пәленбай есе асыра көрсетіп, «280 млн доллар шығынға ұшырадық» деп қол жайды. Банк атаулы кредиттердің мерзімін кейінге шегергенімен, үстіндегі өсімпұлды сол күйі қалдырды. Яғни карантин жағдайында табатын пайдадан қағылған жоқ. Бірақ үкімет бұл жолы да банктерден барын аямады. «Бизнесті қолдау» бағдарламасы бойынша 1 млрд доллар қаржы берді.
 Салыстырмалы түрде алар болсақ, көрші Өзбекстан мемлекеті індетке қарсы күрес, бизнес саласын қолдау, тұрғындарды әлеуметтік қолдау үшін бар болғаны 1 млрд доллар ғана жұмсады. Енді нәтижесіне назар аударайық. Бізде коронавирус індетіне шалдыққандар 4000-нан асса, Өзбекстанда 2000-ның үстінде. Яғни бізден екі есе төмен.
Коронавирус індетімен қоса, енді өзбектердің жауапсыздығы салдарынан Мақтаарал өңірін топан су басты. Бірнеше ауыл қаңырап су астында қалды. Тірі жаннан шығын жоқ дегенмен, диқандықты кәсіп еткен егіншілердің қаншама егістік алқабы су астында қалды. Басындағы баспанадан айырылды. Мұның барлығы мемлекетке тағы да қосымша жүк, шығын екені даусыз.
 Ал үкімет санап берген ақшаны не болса соған шашып, ішіп-жеп отырған шенеуніктеріміздің түрі мынау. Бәлкім, «Иттің малын шошқадан аяймыз ба?» дейтін шығар. Бірақ ит пен шошқаның кім екенін өздері де түсінбейтін сияқты.
Тоқтар ЖАҚАШ,

«Жас Алаш»