Мұғалім – мектептің жүрегі

933

Ахмет Байтұрсынұлы осылай дейді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мәжіліс отырысындағы сөйлеген сөзінде ұлт ұстазының осы сөзін тегін мысалға келтірген жоқ. Мектепке қыруар қаржы бөлінгенімен, мықты мұғалім, үздік ұстаз болмаса, білім сапасын арттыру мүмкін емес. Аймақтарда білікті мамандар жетіспейді. Кадр тапшы. Саналы ұрпақ тәрбиелеу үшін ең алдымен үздік педагогтердің қатарын толықтыру маңызды. Ал шалғайда жатқан ауылдарға жұмыс іздеп, білікті кадрлар бармасы анық. Бұл мәселенің түйіні қалай тарқатылады?

Мемлекет басшысы өңірлерге үздік педагогтерді тарту жөнінде арнайы бағдарлама жасау керек екенін айтып, сала басшылығына тапсырма берді. Осыған орай Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook парақ­шасында: «Президенттің тапсыр­масы бойынша біз қолдау шара­ларының тиісті пакетімен осы өңірлерге үздік педагогтерді тарту жөнінде арнайы бағдарлама әзір­леп жатырмыз.Педагогтердің осы салаларда жұмыс істеуіне мүдделі болуы үшін біз жалақыны арттыру коэффициентін белгілеу, тұрғын үй беру немесе тұрғын үйді жалға алу құнын өтеу, комму­налдық қызметтерді төлеу өтем­ақысы және т.б. осы сияқты әлеу­меттік қолдау шараларын ұсынамыз» деп жазды. Дұрыс-ақ де­лік. Кез келген маман ең алдымен әлеу­меттік мәселенің шешілгенін қа­лайды. Бұл орайда әлеуметтік пакет әзірлеудің маңызы зор еке­ні белгілі. Дегенмен өңірдегі кадр тапшылығын жою үшін қандай шешімдер шығарған жөн? Бұған мамандардың өзі не дейді?

 Үздік педагог – білім беру мекемесінің тірегі

Білім сарапшысы Аятжан Ахметжанұлының айтуынша, жақсы мұғалімнің жағдайын ди­ректор қай жерде де жасап береді. Өйткені үздік мұғалім – ол кез келген білім беру мекемесінің ті­регі. «Сондықтан дәл қазіргі уа­қытта үздік мұғалімдерді ауылға жіберу мүмкін емес. Оның үстіне үздік мұғалім, мысалы педагог шебер, магистратура бітірген, 10 жылдан астам тәжірибесі бар болса, оның жалақысы да дәл қазір 500 мыңнан жоғары. Оны қалай ынталандырып, ауылға апарасыз?» деп отыр.

Жоғары оқу орнын бітірген мамандардың дені үлкен қала­ларда қалуға тырысады. Бірен-саран педагогтер болмаса, көбі шалғайдағы ауылдарға бармай­тыны анық. Барған күнде де об­лыс орталығына тұрақтануға ты­ры­сатыны белгілі. Сонда өңір­лердегі кадр тапшылығын қалай жоямыз?

Білікті маман, педагог Ақма­рал Шатемірқызы «мұндай бағ­дарламаның әзірленуі – мемлекет тарапынан ауыл біліміне деген қамқорлық, қайтсек шалғай ауыл­­дардағы білімді көтеремін деген жанашырлық» деп отыр. «Өте өзекті, ойландыратын, мақ­сат қойдыратын бағдарлама. Бі­лімді әрі білікті мұғалімдердің мұ­ғалімдер жетіспейтін өңірлерге ба­рып еңбек етуі болашақта та­рих­та қалатыны сөзсіз» дейді пе­­дагог. Оның айтуынша, мықты мұ­ғалімдерді өңірлерге жіберудің бірнеше жолы бар. Мәселен,
1. «бі­лікті, бірақ пәтер жалдап жү­ре­тін үздік мұғалімдерді тарту керек.

2. Мектептерге хабарлан­ды­рулар таратып, үздік мұғалімдерді шақыру қажет.

Әрине, әлеуметтік жақсы жағдай ұсыну керек: үй (пәтер), жалақы+үстемақы, 5 жылдан көп тұрса, баспанасын тегін жеке­шелендіру.

3. Әдістемелік құралдармен толық қамтамасыз етілуіне жағ­дай жасау.

4. Солтүстік өңірлерге көші- қон реформасының тиімді-тиім­сіз жақтарын зерделеп, оң тұс­тарын осы бағдарламаға қолдану» дейді Ақмарал Шатемірқызы. Одан бө­лек, педагог кадр тапшы өңірлерді алдын ала хабарласа, амалсыздан басқа қалаларда жұ­мыс істеп жүр­ген білікті мұға­лім­дердің жағ­дайы жасалса, елге барып, қызмет етуі мүмкін дегенді айтады.

Қай өңірде кадр тапшы?

Ең алдымен, сала басшылығы қай өңірде қандай маман тапшы екенін анықтап, статистика жүр­гізу қажет секілді. Әрі мықты кадр­дың өлшемі қандай? Әуелі осыған баға берген дұрыс. Мә­селен, жоғары оқу орнын бітірген жас маман. Дипломы бар, жұмыс керек. Ол қай өңірде мұғалім қа­жет екенін қайдан біледі? Бұл – бір! Екіншіден, кей мұғалімдер «ауылдық жерлердің көбінде мұғалім жетіспейді» деген долбар ғана дейді. Кейбірі тіпті «сол­түстік облыстарға болмаса, оңтүстікте кадр жеткілікті» еке­нін айтады. Мүмкін, «әр мек­тепке сауалнама әзірлеп, мұ­ғалімдердің пікірін де білген жөн» шығар. Мұғалімдер сонда бұл мәселенің шешімі оң­тайлы шешілер еді деген көзқа­раста. Амангелді Әлсейітов есімді оқырман «Үздік педагогтерді тарту жөнінде арнайы бағдарлама әзірлеу – мықты идея. Бірақ бұл идея жүзеге аса қояр ма екен? Өйт­кені білікті кадрлардың көбі бас­қа салаға ауысып кетті. Ал ба­сым көпшілігі өздері жұмыс іс­тей­тін мектептеріне керек» деген пікірді алға тартады. Ал білікті ұстаз Өмір Шыныбекұлы «бұл бағдарлама туралы сөз қозғауға әлі ерте. Ауылға барған мұғалімге қандай әлеуметтік пакет болары белгісіз» дейді.

Шығысқазақстандық мұғалім Мейіржан Темірбек «Үздік мұға­л­ім деген қандай мұғалім? Оның алдымен аражігін ажыратып алу керек» дейді. Мұғалімнің айтуын­ша, көбіне кадр тапшылығы ауыл­дарда көп. Ол жерде инфра­құрылым дамымаған. Бара қояр ма екен? «Үздік мұғалім» түгілі «қа­рапайым мұғалім» таба алсақ? Бұрыннан «Дипломмен – ауыл­ға!» бағдарламасы бар ғой? Ол не берді? Қалай талпындырды? «Пе­дагог мәртебесі» заңындағы «тал­пындыруды» орындай алмай оты­рып, «үй береміз», «көтерме жа­лақы береміз» дейді. Меніңше, бара қоюы қиын мәселе. Білім са­ласының кадрларының көбі 50-ден асқандар, зейнет жасына таяғандар. Зейнет жасын төмен­детіп, зейнетке шығарып, жалын­даған жастардан тартса, дұрыс болар еді. Олар сол барған жерле­рінде бас құрап, жанұя болып қалуы мүмкін. Ал басқа жанұялы «үздік педагогті» бір аптаға, айға апаруға болатын шығар, түпкілік­ті апару мүмкін емес!» – дейді педагог. Ол отбасы бар, жолдасы қалада қызмет істейтін мұғалімдер «жылы орнынан» қозғала қой­май­тынын айтып отыр. Сол се­бепті де бұл бағдарламаны үздік­тер­ге емес, жастарға пайдаланса деген пікірді айтып отыр.

«30 жылда қаңырап қалған ауылдар, көші-қоны үдеген ауыл­дарға қалай апаруға болады? Ха­лықта жұмыс жоқ, жұмыс іздеп қа­лаға кетіп жатыр, мектептер жа­былудың аз-ақ алдында тұр. Қа­лаларда кадр тапшылығы аз. Сондықтан өңірлер дегеніміз – алыс аудан, ауылдар», – дейді Мейіржан Темірбек.

Елімізде бұған дейін «Педагог мәртебесі» туралы арнайы заң қабылданып, мұғалімдердің жа­лақысы көтеріліп, олардың құ­қығын қорғау бағытында бірқатар маңызды шаралар қабылданды. Мектеп директоры тікелей педа­гогтерді жұмысқа қабылдай ал­майтыны да белгілі болды. Яғни электронды форматта конкурс арқылы іске асырылмақ. Биылдан бастап балабақша мен мектеп, кол­ледж мұғалімдерінің де жа­лақысы 25 пайызға көбейді. Бұл да болса, мұғалімдік мамандыққа көзқарастың өзгергенін көрсетсе керек. Бұрын педагогика маман­дығына төмен балл жинаған үміт­керлер тапсыратыны жиі айтыла­тын еді. Қазір мұның да шарты өзгерген. Бұрынғыдай төмен балл жинағандар емес, шынайы педа­го­гиканы таңдаған оқу­шылар грант­қа ие болуда. Яғни саладағы оң өзгерістер білім сапасының артуына ықпал етіп жатыр. Енді «Жақсы мұғалім бәрінен де қым­бат» екенін ұқ­тыра алсақ, онда бұл бағдар­ламаның да ұтары анық. Қандай іс атқарсақ та, бар­лығы да бүгінгі ұрпақ үшін жаса­лып жатқаны белгілі. Ал мұғалім­дер қауымы «не ексе, соны ора­тынын» ұмыт­паса, болғаны…

Айым БЕКТҰР