Ресейлік кәсіпкер қазақстандық достарымен бірге Алматыға 2 млрд теңге аударды

1044

Freedom Holding Corp компаниясының бас директоры, ресейлік бизнесмен Тимур Турлов қазақстандық әріптестерімен бірге Алматыны қалпына келтіруге қомақты қаржы аударды.

Белгілі ресейлік бизнесмен Тимур Турлов біздің кәсіпкерлермен бірлесіп жаппай қақтығыстан кейін бүлінген Алматыға көмек ретінде 2 миллиард теңге аударды, деп хабарлайды Экспресс К.

Бүгін жеке өзім және «YPOKazakhstan» ұйымына мүше басқа кәсіпкерлермен бірге Қазақстанға, әсіресе, Алматыға көмектесу үшін 2 миллиард теңге бөлдік.Қазір көбінің есеңгіреп, шығынды есептеп, дел-сал болып отырған жайы бар,— дейді кәсіпкер.

Ол осындай күйзелістен кейін жауапкершілікті өз мойнына алып, көмек қолын соза алатын көшбасшылар қажет екенін айтты. Кәсіпкер бұл трагедияның салдарын жеңу әлдеқайда қиын болмақ деп отыр.

Қанша жерден ақылды да дарынды адам болсаң да, мұндай жағдайдан жалғыз өзің шыға алмайсың. Дәл осындай кезде бір-біріне сүйеу болатын, қолдап-демеп жіберетін қоғам керек. Бұл көмек адамдарға үміт беруі тиіс,— дейді Тимур Турлов.

Қазір бүліктен кейін Алматы және өзге қалаларға келген шығын көлемі есептеліп жатыр. Бұған дейін тәртіпсіздіктен ел бизнесіне 92 миллиард теңге залал келгені айтылған. Дегенмен, шығын көлемі одан да көп болуы мүмкін.

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде «Қазақстан халқына» атты қоғамды қор құрылатынын мәлім еткен. Аталмыш қор президенттің немесе үкіметтің қарамағында жұмыс істемейді. Қоғамның бақылауында және ашық түрде жұмыс істейтін болады деген. Қазіргі кезде кәсіпкерлер осы қорға қаржыларын аудара бастады. Мысалы, экс-депутат Нұртай Сабильянов 5 миллион теңге жіберген.