Полицейлерге сенім азайып барады

715

Шымкентте сыбайлас жем­қор­лық бойынша тір­келген 77 қылмыс­тың 20-ы құқық қорғау сала­сына тиесілі екенін бұдан бұрын да айт­қанбыз. Яғни, парақорлық пен жым­қыру деректерімен тіркелген қыл­мыс­тардың басым бө­лігі погон таққандардың үлесінде.

Жалпы, қоғамда полицейлерге деген реніш жиі айтылады. Әсі­ресе, Шымкентте қостанайлық жі­гітті тергеу барысында сақшы­лардың өлтіріп алғаны және кү­дікті деп ұсталған тағы бір аза­мат­тың 4-қабаттан секіріп кетуі де көпшіліктің күдігін одан сайын ұл­ғайтқан. Қоғамда үлкен пікір­та­лас тудырған осы мәселелерден соң тәртіп сақшыларына деген сенім мүлдем жоғалды.

Енді кәсіпкерлер де сақшы­лардың өз жұмысына салғырт қарайтынын айтып ша­ғымданып жатыр. Жуырда кәсіпкерлік па­латасында өткен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің кезекті оты­рысында құ­қық қорғау органы қызметкер­ле­рінің бірқатарына қарасты сын айтылды. Онда Еңбекші ауданы­ның Полиция басқармасы көші-қон қыз­метінің, әл-Фараби ауда­ны По­лиция басқар­масының учаскелік инспекторы тарапынан кәсіпкерлік субъектілеріне қа­тысты жасаған заңсыз әрекеттері сөз болды.

Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адам­дардың Қазақстан Рес­публикасына келуіне шақы­ру­ларды ресімдеу, шақыруларды ке­лісу қағидаларына сәйкес биз­нес-көшіп келушіге «С5» визасы жергілікті атқарушы органда­ры­ның жазбаша өтініші негізінде беріледі.

Алайда Шымкентте осы са­наттағы визаларды беру рәсімдері түсініксіз күйінде қалып отыр.

Бизнес-көшіп келуші болып саналатын «Абдукаримов и Ко» ЖШС, «Аброр» ЖШС, «Нематов и Ко» ЖШС және «Куватов и Ко» жауапкершілігі шектеулі серік­тестіктері өткен жылдың қазан айында Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриялық-инновация­лық даму басқарма­сына жүгінеді. Онда көші-қон қызметі бизнес-көшіп келуші құжаттарын беруден бас тартқаны жөнінде айтылған. Кө­ші-қон қыз­меті аталған құжатты әділет органдарынан, яғни «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ-нан алу­ды ұсынған. Өкінішке қарай, әді­­лет органдары бұл сұраққа олар­дың құзыретіне жатпайтыны ту­ра­лы жауап береді. Осылайша екі ортада футбол добы сияқты тиіс­ті құжаттарына қол жеткізе ал­маған кәсіп­керлер жұмыстарын да бастай алмай сергелдеңге түседі.

Тіпті, олардың үстінен қазан айында ҚР ӘҚБтК-нің 517-ба­бының 5-бөлігінде көзделген әкімшілік құқықбұзушылық ту­ралы іс қозғалады. Яғни, шетел­діктің немесе аза­маттығы жоқ адам­ның жүзеге асыратын қыз­ме­тінің визада көрсетілген мақсат­тарға сәйкес келмеуіне байла­ныс­ты Қазақстан Респуб­ликасының Халықтың көші-қоны саласын­да­ғы заңнамасын бұзуы немесе жергілікті атқарушы орган өз бетінше жұмысқа орналасу үшін берген біліктілігінің сәйкестігі туралы анықтаманы алмай Қа­зақстан Республи­касында еңбек қызметін жүзеге асыруына тыйым салынады.

ҚР Ішкі істер министрінің 20.07.2020 жылғы түсіндірмесінде «Халықтың көші-қоны туралы» заңына сәйкес шетелдіктердің заңды тұлғалар қатысушы­лары­ның құрамына кіретін бизнес-көшіп келуші ретінде визалары­ның болуы талап етілмейді делін­ген. Соған қара­мас­тан Шымкент қаласының Әкімшілік құқықбұзу­шылық істері жөніндегі маман­дан­дырылған ауданаралық соты­ның 20.10.2021 жылғы қаулы­сымен кәсіпкерлердің әрқай­сысы 72 925 теңге көлемінде айыппұл түрінде әкімшілік жауапкер­ші­лікке тартылады. Виза алу қа­жеттілігі болмаса да, кәсіпкер айып­пұл төлеген. Ал 15 қараша­дағы сот қаулысына сәй­кес кә­сіпкер А.Куватовқа қатысты әкім­шілік іс жүргізу құқықбұзу­шылық құрамының бол­мауына байланысты іс тоқтатылды. Со­нымен қатар сот кәсіпкерлік субъек­тілерінің құқық­тарын бұ­зуға жол берген полиция қыз­мет­керлеріне қатысты жеке ұйғарым қабылдады.

Осылайша, көші-қон қызметі қызметкер­лерінің негізсіз әре­кеттерінің салдарынан кәсіп­керлер сот талқылауының орби­тасына тартылып, қаржылық шығындарға ұшыраған. Сонда дейміз-ау, көші-қон қызметкер­лері өз міндеттерін білмеген бо­лып тұр ғой…

Полицейлердің атына түскен тағы бір шағым Shymkent Plaza сауда орталығында орналасқан CINEMAX кинотеатры басшы­лығы тарапынан келген. Кино­театр басшы­лығы бас санитардың қаулысы негізінде демалыс күн­дері «жасыл» мәртебесі бар келу­шілерді ғана қабылдайтынын алға тартса да, полиция тарапынан келіспеушіліктер жиі болатынын айтып шағымданды.

Демек, мұнда да полицейдің сауатсыздығы, өз жұмыстарына салғырттығы байқалады. Есесіне осындай полиция қызметкер­ле­рінің заңсыз әрекеттері халықтың бүкіл құқық қор­ғау жүйесіне де­ген сенімін төмендетіп отыр.

Мұны «Шаш ал десе бас ала­тынның» кері демеске лаж жоқ…

Дәл қазір елімізде соңғы бол­ған оқиға­лардан кейін де тәртіп сақшыларына қатысты кереғар пікірлер ушығып тұр… Кезінде көке-жәкелердің, көк қағаздың күшімен жұмысқа орналасып ал­ған сауаты шамалы талай сақ­шының арамызда жүргені жалған емес. Мүмкін, түбегейлі өзгеріс керек шығар.

Шымкент қаласы

Назгүл НАЗАРБЕК