Бейбіт демонстрацияға қатысушылар жауапкершілікке тартылмауы керек – Тоқаев

1171

Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли мемлекет басшысының Бас прокуратураға берген тапсырмасын түсіндірді деп хабарлайды Sputnik.kz.

Бейбіт демонстрацияға қатысушылар қылмыстық жауапкершілікке тартылмауы керек, деп есептейді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Бейбіт демонстрацияға қатысушылар қылмыстық жауапкершілікке тартылмауы керек. Мемлекет басшысының түбегейлі ұстанымы бейбіт жиналыстар мен митингілер заңға сәйкес өтуі керек. Заңда мұндай жиындардың ескерту арқылы ғана өткізілетіні қарастырылған. Митингілер мен жиналыстарды енді қалалардың орталық аудандарында өткізуге болады. Бұл – еліміздегі демократияны ілгерілетуге бағытталған маңызды қадам», — деп жазды президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында.

Бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бас прокуратураға «Қасіретті қаңтар» оқиғасына қатысып, әртүрлі құқық бұзушылық бойынша ұсталған азаматтардың кінәсінің деңгейін анықтауды тапсырған болатын.

Президент олардың ауыр қылмысы болмаса, жазаны жеңілдету шараларын қабылдауға болады деп санайды.

Алматы комендатурасы тәртіпсіздікке қатысқан 2 мыңнан астам адам ұсталғанын хабарлады.

Құқық қорғау органдарының қызметкерлері 4-9 қаңтар аралығында Алматыдағы тәртіпсіздік пен тонауға қатысқандарды іздестіріп, ұстау жұмысын жалғастыруда. Олардың жүрген жері туралы ақпаратты қала тұрғындары да жолдап жатыр.

Тәртіп сақшылары 67 атыс қаруы мен 3112 оқ-дәріні тәркіледі.