«Вакцина алғандар қыркүйекте көз жұмады»: Желіде шулы ақпарат тарады

376

Әлеуметтік желілерде COVID-19-ға қарсы вакцина алған адамдар қыркүйекке дейін көз жұмады деген ақпарат тарады. Бұл пікірдің туындауына не себеп болды және оған неге сенуге болмайды? Бұл сұраққа StopFake.kz сайты жауап берді. Бұл «болжамның» авторы — доктор Леонард Колдуэлл. Ол — вакцинацияға қарсы танымал тұлға және қастандық идеяларын насихаттаушы. Мәселен, ол бұған дейін COVID-19 пандемиясы қолдан жасалды және оның мақсаты адамдарды чиптеу деп мәлімдеген.  Айта кетерлік жайт, доктор Колдуэллдің вакцинацияланған адамдар арасындағы жаппай өлім туралы «болжамында» оқиғаның болатын жылы көрсетілмеген. Алайда, желідегі дерек бойынша, Колдуэлл мұны жазда айтып, 2021 жылғы қыркүйек айын меңзеген екен. Қазіргі кезде қыркүйек айында да, қазан айында да, тіпті қараша айында да вакцинацияланған адамдар арасында жаппай өлім тіркелмегені анық. Демек, Колдуэллдің «болжамына» мән берудің қажеті жоқ. Коспирологияны жақтаушылар вакцина алғандардың бәрі қайтыс болады деп бұған дейін де мәлімдеген болатын. Бастапқыда әлеуметтік желілерде егілген екпе алғаннан кейін алты айдан кейін көз жұмады деп жазылды, ал қазір ондай ештеңе болмағаны анық.