ШЫМКЕНТ: ЖЫЛ СОҢЫНА ДЕЙІН 51 ТҰРҒЫН ҮЙ ТАПСЫРЫЛАДЫ

916
Соңғы жылдары үшінші мегаполисте тұрғын үй құрылысы ерекше қарқын алып, халықты баспанамен қамту көрсеткіші еселеп артып келеді. Шымкент қаласында жыл соңына дейін 51 тұрғын үй тапсырылады. Бұл туралы бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте Шымкент қалалық құрылыс басқармасының басшысы Әбілсейіт Рабаев мәлімдеді.
– Шымкент қаласының құрылыс басқармасы негізгі ірі құрылыс нысандарына жұмыс тапсырушы болып табылады. Оның ішіндегі негізгі нысандардың бірі тұрғын үй құрылысы болып табылады. Шымкент қаласында тұрғын үйге сұраныс өте жоғары екендігін ескере отырып, биылғы жылы 2 972 пәтері бар 51 тұрғын үй салынуда және жылдың аяғына дейін қолданысқа беру жоспарланып отыр, — деді басқарма басшысы.
Спикердің сөзінше, Шымкент қаласының құрылыс басқармасына 2022 жылы бюджет есебінен жалпы құны 56,8 млрд. теңгені құрайтын 90 нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде, 31 кредиттік тұрғын үй және 20 арендалық тұрғын үй салынуда.
Сонымен қатар, Инженерлік инфрақұрылым бойынша 15 нысан (Тұран ш/а 5 жоба, Бозарық ш/а 6 жоба, ӘІО 2 жоба және Жанаталап т/а 2 жоба) жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.
Әлеуметтік нысандардың құрылысы бойынша 13 нысанның (4 спорт нысаны, 3 мәдениет нысаны, 2 саябақ, 2 өрт сөндіру нысаны, 1 биотермиялық шұңқырдың және 1 денсаулық сақтау құрылысы) құрылысы жүргізіледі. Оның ішінде, 1 саябақ, 2 спорт нысаны, 1 өрт сөндіру нысаны және 1 биотермиялық шұңқырдың құрылысын биылғы жылы аяқтау жоспарлануда.
Сондай-ақ, 8 мектеп құрылысы, 1 колледж, 1 оқушылар сарайы және 1 балалар шығармашылық орталығының құрылысы жүргізілуде. Жылдың аяғына дейін 5 мектеп, 1 колледж және 1 балалар шығармашылық орталығын пайдалануға беру жоспарлануда.
Айта кетейік, Шымкент қаласында биыл тұрғын үй сертификаты үшін жергілікті бюджеттен 500 млн теңге қаржы қаралып отыр.