Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев қаладағы бірқатар құрылыс нысанын аралады. Әкімшілік-іскерлік орталығында салынып жатқан тұрғын үйлерде болып, Б.Саттарханов даңғылындағы тұрғын үйлердің сыртқы келбетін ретке келтіру жұмысын пысықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аймақ басшысы Кентау-Түркістан бағытындағы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолы аралығындағы Арыс-Түркістан каналында орналасқан көпірдің құрылыс жұмысымен танысты. Жауапты тұлғаларға бірқатар тапсырма беріп, құрылыс қарқынын күшейтуді тапсырды.
Аталған аумақта жаяу жүргінші жолының да адамдар үшін ыңғайлы, жарық болуы қарастырылған. Атап айтқанда, автокөлік жолынан бөлек 2 метрден жүргінші және мүмкіндігі шектеулі жандар үшін пандус қою қарастырылған. Одан өзге, шағын архитектуралық пішіндер, жарықшам, орындық, қоршау және қоқыс жәшіктері болады.
Өмірзақ Шөкеев Б. Саттарханов даңғылы бойындағы «Желілік саябақ» пен «Түркі бағында» болды. Бүгінгі таңда мұнда үшінші кезеңінің жұмысы жүріп жатыр. Қазіргі уақытта субұрқақтарға арналған орынды ретке келтіру ж.ргізіліп жатыр. Аумағы 15 гектар демалыс орнына 190 жұмысшы мен 80 техника жұмылдырылған.
Ал, Түркі бағында арт-қабырғалар орнатылып, құрғақ субұрқақ салынады. Өңір басшысы атқарылып жатқан жұмыстың сапалы орындалуын ескертіп, тұрғындардың қолайлылығы үшін барлық қажетті жағдайдың жасалуын талап етті.
Одан соң, Түркістан қаласындағы бірегей жоба «Керуен сарай» кешенін аралап көрді. Бүгінде аумағы жасыл желекті, велосипедпен серуен құрып және жаяу жүргіншіге ыңғайлы болуы үшін жарықшам, орындық, қоқыс жәшігі, сондай-ақ, көгал, су арнасы, тасжол төселу арқылы жаңарған көшеге айналмақ. Өңір басшысы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы мен «Тұңғыш Президент саябағы» демалыс аймағында жүргізіліп жатқан жұмыстарды бақылады. Кезек күттірмейтін жұмыстарды мерзімінде тапсыруды жүктеді.