Ресейлік саясаткер В.Жириновский Ресейді Украинаға қарсы қатаң әрекеттерге көшуге шақырды. Украинаның шығысында соңғы айда қақтығыс күшейіп, жағдай күрт нашарлап кетті.
Владимир Жириновский «Комсомольская правда» радиосына берген сұхбатында Ресейді тез арада радикалдық әрекеттерге көшуге шақырып, арандату сипатындағы сөздер айтты.
«Қазіргі таңда, яғни 19 наурыздағы жағдайды қараңыз. Жақын арада Донбасста арандату орын алады. Оны күтпестен ертең соққы жасайық, бірде-бір Украинаның сарбазы да, офицері де қалмайтындай етейік. Еуропаның қалай қипақтап, бозарып кеткенін сонда көресіз. Соғыс жарияламастан солай етелік», — деді ол.
Эфир барысында Жириновский Украинаға жасаған соққының қайдан келгенін дәлелдеу мүмкін емес болатындығын айтты.
«Әлем елдері қалай істесе, бізде солай жасалық. Донбасста қаза тапқан 15 мың орыс азаматтары бар. Украина түрмелерінде қинау мен азаптау тоқтар емес. Түсінесіз бе, бізді әрекет жасамасақ төмендете береді, езе береді. Біз жойқын соққы жасамасақ болмайды. Орыс әскері олардың территориясына кірмейді, зымырандар ғарыштан ұшып келеді. Сосын кімнің зымыраны екенін дәлелдеп көр. Онда Ресейдің зымыраны екені туралы белгі болмайды», — деді Жириновский.
Асхат ҚАСЕНҒАЛИ
«Адырна» ұлттық порталы