ҰЛТТЫҚ МҮДДЕ ДЕГЕНДЕ ЖҰМЫЛА ӘРЕКЕТ ЕТУ –ПАРЫЗЫМЫЗ

444

– «Азаматтардың ертең емес, бүгін бақытты өмір сүргенін қалаймын». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында осылай деп «Жаңа Қазақстанды» бірге өркендетуге шақырды. Бұл Жолдаудан халықтың болашақтан көптеген өзгерістер күткені белгілі.

Бүгінгі таңда әлемді алаңдатқан жағдайлар көп. Соның ішінде ең маңыздысы – елдердің тыныштығы мен халықтың бейбіт өмір сүруі. Бұған Украинада болып жатқан жағдай дәлел.

«Мен азаматтарымыздың ертең емес, бүгін бақытты өмір сүргенін қалаймын. Ең бастысы – еліміздің егемендігі. Шын мәнінде біз үшін Қазақстанның Тәуелсіздігі бәрінен қымбат. Осы тұрақсыз, құбылмалы әлемде Қазақстанымыз бізден басқа ешкімге керек емес. Сондықтан маған елімнің амандығы мен жерімнің тұтастығынан асқан ешбір құндылық жоқ. Мені ең алдымен халқымның болашағы қандай болатыны толғандырады. Қызметіме түрлі адамдардың беретін бағасынан гөрі мемлекетімізді қорғап қалу мен үшін аса маңызды», — деді Мемлекет басшысы. Сондықтан дархан даламызда ел бірлігі мен ынтымағының берік болуы маңызды дер едім.

Жолдауды тыңдай отырып Жаңа Қазақстанды құруда үлкен өзгерістер болатынын аңғардық. Құнды құжатты жүзеге асыруда Конституцияға 30-дан астам өзгеріс енгізілетіні айтылды. Президент Жаңа Қазақстанның іргетасы саяси және экономикалық реформалардың үйлесімінде қалану керектігін тілге тиек етті.

Қасым-Жомарт Кемелұлы саяси жаңғыру болмаса, елімізді орнықты дамыту мүмкін емес екенін баса назарға алды. Өз сөзінде: «Халыққа қажетті реформаларды жүзеге асыру – менің мемлекет басшысы ретіндегі басты міндетім. Саяси жаңғыру болмаса, елімізді орнықты дамыту, ауқымды әлеуметтік-экономикалық өзгеріс жасау мүмкін емес. Бұл – анық нәрсе», – деді.

Расында Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай бізге ешкім сырттан келіп, ештеңе жасап бермейтіні анық. Бәрі өз қолымызда. Қай саланың тізгінің ұстап, қай салада еңбек етіп жүрсек те ұлттық мүдде дегенде жұмыла әрекет етіп, Жаңа Қазақстанды құруға бір кісідей жұмылуға шақырамын.

Абылай ДОНБАЙ,

Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасының бас дәрігері.