Басты Денсаулық «Қатерлі ісіктен жазылуға болады». Обырды жеңген 4 жанның әңгімесі

«Қатерлі ісіктен жазылуға болады». Обырды жеңген 4 жанның әңгімесі

4526
4 ақпан – дүниежүзілік қатерлі ісікке қарсы күрес күні.
Қазақстанда қатерлі ісікке шалдыққандар үлесі көбейген. Санайғақ келтірейік. Жыл сайын елімізде 36 мыңға жуық адам онкологиялық ауруларға шалдығады. Одан көз жұматындар саны 14 мыңнан астам. Бүгінгі таңда диспансерлік есепте 180 мыңға жуық қазақстандық тұр.
Бірақ, халық ішінде «аты жаман ауру» аталған бұл дертке шалдығу тек өліммен аяқталады деп ойлау қате. Бұған сырқатымен күреске түсіп, жеңіп, құлан-таза айыққан адамдардың тағдыры дәлел. Informburo.kz қатерлі ісікті жеңген төрт жанның әңгімелерін назарларыңызға ұсынады.
Дәрігерге ғана сеніп, қол қусырып отыруға болмайды
Гүлнәр Дастанова, 48 жас:
«2017 жылы дәрігерлер маған төртінші деңгейлі жатыр мойны обыры деген диагноз қойды. Содан бастап өмірім күрт өзгерді. 42 сәулелік, 6 брахитерапия және 8 химиялық терапия қабылдадым. Мұндай қиын сәтте адамға үміт отын жағатын, күш беретін бір сенім болу керек.
Мен үшін ол – бас миының қатерлі ісігіне шалдыққан отбасылық таныс адамымыз болды. Ол кісі 10 жылдай дертімен күресіп, ақырында жеңіп шыққан еді. Сол оқиғаны үнемі есімде сақтап, өз-өзімді қайрадым. Оның қолынан аурудан айығу келген екен, демек мен де жазыламын деп ойладым. Тек дәрігердің көмегіне сеніп, қол қусырып қарап отыруға болмайды.
Әр адам өз өміріне жауапкершілікпен қарап, салауатты өмір салтын ұстану керек. Мен мұны сырқаттанған соң түсіндім. Дәрігер тағайындаған диетаны қатаң ұстандым, көбіне дәруменге бай көкөністер тұтындым. Глюкозадан, тәттіден бас тарттым».
Гүлнәр Дастанова қиналған сәттерінде де өмір сүруге құлшынысын жоғалтпаған. Оның сенімі ауруын жеңуіне жетелейді. Ол қазір үш баланың анасы. Хор мен йогаға тұрақты қатысып, сурет салуды әдетке айналдырған.
Спорт қатерлі ісікті жеңуіме көмектесті
Аружан Тоқан, 17 жас:
«2012 жылы екінші сыныпта оқып жүргенімде аты жаман ауруға шалдықтым. Бастапқыда дәрігерлер сырқатымды дұрыс анықтай алмады. Түберкулез деген күдікпен ота жасады. Кейіннен екінші деңгейлі мойын бездерінің қатерлі ісігі деген диагноз қойылды. Ол кезде мен әлі баламын, көп нәрсені түсінбеймін. Сонда да, көкейімде «өмір сүрмеймін бе?» деген үрей тұрды.
Қатты қорқып, күнде жылайтынмын. Бір ота жасатып, 3 сәулелік терапия курсынан өттім. Үш жылдай химиялық терапиямен емделдім. Бұл мен үшін өте қиын болды, шашым, қас-кірпігім түсті. Бірақ ауруға берілмедім. Себебі, анам үнемі қолдап, жанымда болды. Анамның, дәрігерлер мен психологтардың қолдауының арқасында жазылып шықтым. Тағы бір көмектескен нәрсе – спорт. Қанша ауырсам да, каратэмен айналысуымды тоқтатпадым. Ол да ауруды жеңуіме септік етті деп ойлаймын».
Аружанның ауруы асқынып, төсекке таңылып жатса да, асқақ арманы оны алға жетелеумен болған. Бала күнінен ұшқыш болуды аңсаған ару мақсатына жету үшін де қатерлі дертпен күресуге бел буады. Бүгінде Аружан Алматыдағы Авиацияк олледжінің 2-курсында оқиды.
Ауруды асқындырып алмай, дер кезінде тексерілу керек
Шолпан Валиева, 49 жас:
«Төртінші деңгейлі бастапқы перитонеальды карцинома қатерлі ісігімен 2018 жылы ауруханаға ес-түссіз жеткізілдім. Дәрігерлер бірден ота жасап, ажалдан аман алып қалды. Өзімнің диагнозымды естігенде не істерімді білмедім. Шарасыз күйге түстім. Кейін есімді жинап, дәрігерден «ары қарай өмір сүремін бе?» деп сұрадым. Дәрігер «егер өмір сүргің келсе, аман қаласың» деп жауап берді.
Шындығында ауруды асқындырып алғаныма өзім кінәлімін. Кезінде дәрігерлер тексеріске жібергенде қолымның тимейтінін сылтауратып жүрдім. Соның салдарынан химиялық терапияның 9 курсын алдым, 2 рет ота жасады. Қатты ауырып, жаным қиналды. Сонда да ауруды жеңетініме, өз күшіме сендім.
Ең бастысы – ауруды асқындырып алмай, дер кезінде тексеріліп тұрған абзал».
Шолпан қазір әр үш ай сайын денсаулығын тексертіп тұрады. Оның айтуынша, қатерлі ісіктің жасушалары барлық адамда бар, олар тек «ұйықтап жатады».
Өмір сүріп, ауруды жеңетініңе кәміл сенуің қажет
Майра Аманбаева, 59 жас:
«Обыр дерті ең алғаш 1980 жылы 19 жасымда жабысты. Меланома деген диагнозбен сол қолым қозғалмай қалды. Ол кезде Саратов қаласында тұратынмен, алғашқы операцияны сол жерде жасаттым. Ал 1984 жылы Алматыға көшіп келіп, тағы да пышаққа түстім. Екінші отадан кейін дәрігерлер туыстарыма «аз ғана өмірі қалды» деп айтыпты.
Одан кейін туыстарыммен ара қатынасым үзілді, жөнді араласпайтын болдым. Тұрмысқа шығып, жеке өмірімді бастадым. Ауруымды ұмытып та кеттім. Алайда, қатерлі дерт он жылдан соң тағы мазалай бастады. Жаным қиналса да, үшінші рет ота жасатпаймын деп шештім. Дәстүрлі және шығыс еміне көштім, биологиялық белсенді қоспалар қабылдадым.
Сол кезде дәрігерлер маған «өміріңмен қоштас, аман қалуың екіталай» деп айтты. Бұл өте дұрыс емес. Дәрігер науқасқа демеу беріп, сағын сындырмау керек. Ең бастысы – өзім өмір сүретініме сендім және өмір сүремін деп жиі қайталадым».
Осы оқиғадан соң, Майра өзін рухани дамытып, психотерапиямен мықтап айналысуды қолға алады. Ол тек химиялық емге тоқтамай, шипа болар барлық тәсілді қолдану қажет екенін айтады.
Онкологияда ең қиыны – ауруды ерте анықтау
Қазақстанда обырдың ең көп тараған түрлері:
  • сүт безі обыры;
  • өкпе обыры;
  • асқазан обыры;
  • жатыр мойын обыры;
  • колоректалды обыр.
Дәрігерлердің айтуынша, елімізде қатерлі ісіктің асқынған түрлеріне шалдыққан адамдар саны өсіп барады. Бұған басты себеп – өз денсаулығына немқұрайлы қарап, скринингтік тексерулерден өтпеу.
Айта кетейік, Қазақстанда онкологиялық ауруларды ерте диагностикалау бойынша скринингтік бағдарламалар тегін жүзеге асырылады.

«Адамдар емделуге өте кеш келеді. Өйткені, олар жазылатынына сенбейді. Егер қатерлі ісікті ерте анықтасақ, онымен күресу де жеңіл. Ол үшін скринингтен қашпай, уақытылы тексерілу қажет. Скрининг көп уақыт алмайды және тегін. Сүт безіне маммография жасалса, жатыр мойны мен тоқ ішек тазалығын да тексеру қажет. Осы үш тексеріске, әсіресе, 40 жастан асқан адамдар көңіл бөлгені жөн. Үкімет обырдың алдын алу және оны емдеуге бюджеттен қыруар қаржы бөледі», – деді Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрайымының орынбасары Нұрлан Балтабеков.

Дәрігердің сөзінше, науқастар ауруды әбден асқындырып, төртінші, үшінші сатыға жеткенде ғана ем іздей бастайды. Дерті асқынған бір адамның еміне 30 млн теңге шамасында қаражат қажет. Тіпті, емдеуге тым кеш жағдайлар да болады.
Өкпенің қатерлі ісігінен қайтыс болатындар көбейді
Дәрігерлердің дерегінше, елімізде окнологиялық аурулардан қайтыс болатындардың саны азайып келеді. Мәселен, 2018 жылы 14 мың 363 адам қатерлі ісіктің құрбаны болса, былтыр бұл дерт 14 мың 60 адамның өмірін қиған. Өлім жөнінен ең бірінші орында өкпенің қатерлі ісігі тұр. Одан кейін асқазанның қатерлі ісігі мен сүт безі обыры қауіпті саналады.

«Өкпенің қатерлі ісігінен қайтыс болатындар саны бүкіл әлемде көбейіп келеді. Сондықтан, ДДСҰ-ның ұсынысы бойынша, өкпе ауруларына скрининг жасауды қолға алдық. Бұл компьютерлік томография арқылы жасалады. Пилоттық жобаны қазір Павлодар, Өскемен, Қостанайда бастадық. Өйткені, бұл жақта осы ауру түрлері көп кездеседі. Жалпы, өкпенің қатерлі ісігінің өршуінің ең бірінші себебі – темекі. Келесі кезекте көмір жағатын үйлердегі, қаладағы лас ауамен тыныстау себеп», – деді ҚР ДСМ бас онкологы Диляра Қайдарова.

Мамандардың айтуынша, қазір ер азаматтардың арасында онкологиялық аурулар бойынша көрсеткіш тұрақтанса, әйелдер арасында керісінше көбейіп отыр. Дәрігерлер мұның себебін соңғы жылдары темекі шегетін әйелдер санының төрт есе өсуімен байланыстырады.