Түркістан облысында әкім кабинетінде масқара болды

1095
Тұрысбеков ауылдық округінің әкімі Әлібек Сейдалиев кабинетіне игі жақсыларды жиып, карта ойнағаны әшкере болды
Түркістан облысында ауыл әкімі кабинетінде карта ойнаймын деп масқара болды. Болған жайтты куәгерлердің бірі видеоға түсіріп алған. Қызмет орнында құмар ойын ұйымдастырған шенеунік тәртіптік жазаға тартылып жатыр.
«Мынау біздің Шардара ауылының әкімшілігі, карта ойнап жатыр, халықтың қамын жейтін кісілер бәрі», — дейді видео авторы.
Шардара ауданына қарасты Қауысбек Тұрысбеков ауылдық округінің әкімі Әлібек Сейдалиев кабинетіне игі жақсыларды жиып, жұмыстан бір сәт сергиін деді ме, әлде бар шаруасын бітіріп тастады ма, әйтеуір қызу ойынға кірісіпті. Салдарынан ойынпаз әкім облыстық тәртіптік кеңестен бір-ақ шықты, деп хабарлады КТК.
Кінәсін бірден мойындап, енді қайталанбайтынын айтқанымен, кеңес мүшелері оған сенбеген сияқты. «Валетті ұстаймын» деп бәлеге қалған азаматты ауыл әкімі қызметіне сай емес деп танып, аудан басшылығына тиісті шара қолдануды тапсырды.