АБАЙ АУДАНЫ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ

820
Кездесу барысында Шымкент қаласының әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы Әйтенов шаһардың бірінші жарты жылдықтағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін, инжинерлік инфрақұрылым желілерін жүргізу және халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы баяндады.
–Халықпен кездесу барысында ауыз су, табиғи газ, кәріз бен жол мәселелері жиі қозғалады. Сондықтан біз қаладағы шағын аудандар мен тұрғын алаптарды инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуді өз жұмысымыздың басым бағыты ретінде алып отырмыз. Мәселен, Абай ауданындағы 34 елді мекеннің 10-ында 2020 жылға дейін ауыз су болмаған. Өткен 2 жылдың ішінде магистралды құбыр мен 9 елді мекеннің ішкі желілері жүргізіліп, тұрғындарға ауыз су берілді. Биыл Құрсай елді мекенінде ішкі орамдық ауыз су құбырлары жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін құрылыс жұмыстары аяқталса, Абай ауданында ауыз су мәселесі толығымен шешіледі, – деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Айта кетейік, жалпы Шымкент қаласында ауыз су бағытында 8 нысанның құрылысы жүруде. Бұл жұмыстар аяқталған кезде шаһардағы ауыз сумен қамту көрсеткіші 98 пайыздан 99 пайызға дейін жетеді.
Қала әкімінің есепті кездесуінде Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов ауданның инженерлік-инфрақұрылыммен қамтылу барысы туралы айтты.
Осы жылы ауыз сумен қамтуды 100 пайызға жеткізу жоспарланған. Бұл мақсатта Құрсай (Арғымақ) шағын ауданында құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Нұршуақ, Батыс, Жаңаталап елдімекендерінде құрылыс жұмыстары осы жылы ақталып, электр желісімен қамтылу көрсеткіші де 100 пайызға жетеді.
Биыл табиғи газбен қамту көрсеткіші 91 пайызға жетеді. Осы мақсатта Көкбұлақ, Батыс, Арғымақ, Ақжар, Ақтас, Ақтас-2, Нұршуақ елдімекендерінде құрылыс жұмыстар басталды, жыл соңына дейін аяқталады. Нұршуақ тұрғын алабындағы жұмыстар келесі жылға өтпелі.
27 мың халқы бар Самал-3 және 6300 халқы бар Солтүстік-батыс шағын аудандары осы жылы кәріз жүйесімен қамтылады. Қамтылу көрсеткіші 41,4 пайызға жетеді.
56,5 шақырымды құрайтын 39 көшеде жол жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Кездесу барысында Абай ауданының тұрғындары қала әкіміне өздерін мазалаған мәселелер бойынша сұрақтарын қойды. М.Әйтенов тұрғындардың барлық сұрақтарына толық әрі жан-жақты жауап берді.