ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ӘЙЕЛДЕРДІҢ КӘСІПКЕРЛІКПЕН ШҰҒЫЛДАНУЫНА ҚОЛДАУ КҮШЕЙТІЛЕДІ

1288
Түркістан облысында отбасында тұрмыста зорлық көрген әйелдерге арналған 3 дағдарыс орталығы салынады. Зәбір көргендердің уақытша мекеніне айналатын орталықтарда оларға психологиялық көмек көрсетіліп қана қоймай, жаңа өмірге жол ашатын жобалар ұсынылады. Солардың бірі – бизнес ашуға бейімдейтін «Ісмер ана» жобасы. Осы және өзге де маңызды мәселелер Түркістан облысы әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия отырысында айтылды.
Түркістан облысы әкімінің орынабасары Сәкен Қалқамановтың төрағалығымен өткен басқосуда көтерілген тағы бір өзекті мәселе – еліміздегі екінші деңгейдегі банктердің ауылдағы нысандарды кепілдікке алмауы. Кәсіпкер әйелдердің бизнес ашып, кәсіпкерлікті дамытуына тұсау болған мәселені шешу үшін арнайы үндеу дайындалмақ. Отырыста кәсіпкерлікті дамыту шеңберінде кәсіпкер әйелдерді (әсіресе ауылдардағы) қолдауды күшейту жолдары сараланды. Отбасы құндылықтары мен ұлттық тәрбиені дәріптеу, әйелдердің бизнес жобаларын қаржыландыру талаптары мен несиелеу бағдарламаларының түрлері мен талаптары туралы түсіндіру жұмыстары күшейтілмек.
Сонымен бірге комиссия отырысында құқық бұзушылық пен зорлық-зомбылық фактілері ортаға салынды. Көрсеткіштер кемімей тұр. Зәбір көріп, бірақ құзырлы органдарға жүгінбеген «жасырын» жайттардың үлесі тағы бар. Әйелдер мен балаларға арналған зорлық-зомбылық проблемасы өзекті. Статистикалық мәліметке қарағанда елімізде жыл ішінде 500-дей әйел мен бала тұрмыстағы зорлық-зомбылық құрбаны болады.
Түркістан өңірінде жүзеге асқан тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын әлеуметтік-психологиялық қолдау көрсету қызметі оң нәтиже беруде. Жоба 2019 жылдан бері арнайы өткізілген тәуелсіз зерттеу қорытындысы бойынша жүзеге асып келеді. Түркістан тәжірибесі негізінде қолға алынған жоба барлық өңірлерде қолдау тапты. Ауылдық жерде тұратын тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын әлеуметтік-психологиялық қолдау көрсету жобасы еліміздің 5 облысында жүзеге асады.
Түркістан облысы халқының 49,2 пайызы – (1 миллионнан астам) әйелдер. Өңірдегі демографиялық өсу деңгейі жоғары. Өткен жылы 65 мыңға жуық сәби дүниеге келген. Түркістан облысында алтын мен күмістен алқа таққан аналар саны жыл санап артып келеді. Қазір 13 мыңнан астам «Алтын алқалы», 37 мыңнан астам «Күміс алқалы» аналарымыз бар. Облыс көлемінде шамамен 145 мыңнан астам кәсіпкер болса, оның 45000-ға жуығын шағын және орта бизнеске басшылық жасап жатқан әйел азаматтар құрайды. Ал әйелдердің ең үлесі көп салалар – білім беру мен денсаулық сақтау.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі