2025 жылғы 25-26 қыркүйек күндері Түркістан қаласы әлемнің түкпір-түкпірінен келген балалар дәрігерлері мен ғалымдарының басын қосқан ғылыми орталыққа айналды. Мұнда «Балалар ауруларын емдеудегі сарапшылардың пәнаралық консенсусы» атты II Халықаралық ғылыми-білім беру конференциясы өтті.
Конференцияға Қазақстаннан бөлек, Ресей, Орталық Азия елдері, Түркия, Қытай, Еуропа және АҚШ-тан жетекші сарапшылар қатысты. Басты назарда – балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын қорғаудың өзекті мәселелері.
Ашылу барысында Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.
Конференция аясында секциялық және панельдік отырыстар ұйымдастырылып, балалар ауруларын ерте диагностикалау, емдеудің жаңа тәсілдері, биологиялық қауіпсіздік мәселелері талқыланды. Әсіресе, жасанды интеллекттің медицинадағы рөліне ерекше назар аударылды: ауруларды ерте анықтау, емдеу тактикасын жетілдіру, электрондық денсаулық сақтау жүйелерін дамыту және үлкен деректерді талдау бойынша идеялар айтылды.
Шетелдік дәрігерлер Түркістан қалалық балалар ауруханасына арнайы барып, «Қамқорлық» оңалту орталығы мен «Балалық шақтағы ауруларды ықпалдастыра жүргізу» бағдарламасы бойынша мамандарды оқытатын орталықтың жұмысымен танысты. Сонымен қатар консультативті-диагностикалық орталықта орфандық туа біткен аурулары бар балаларға кеңес беріп, емдеу тактикасына түзетулер енгізді. Жансақтау бөлімінде жатқан ауыр хәлдегі науқастарды да қарап, реаниматолог мамандармен бірлесіп маңызды ұсыныстар айтты.
Түркістанды конференция алаңы ретінде таңдаудың да өзіндік мәні бар. Бұл – Қазақстанның рухани жүрегі ғана емес, тарихи дәстүр мен заманауи медицинаның тоғысқан орталығы.
Шетелден келген мамандар Түркістандағы медициналық ұйымдардың жұмысына жоғары баға берді. Олардың айтуынша, өңірде медициналық инфрақұрылымның дамуы мен дәрігерлердің кәсіби әлеуеті халықаралық деңгейдегі ынтымақтастыққа толық сәйкес келеді.
Бұл форум педиатрия саласында ортақ ұстаным қалыптастыруға, балалар денсаулығын қорғау ісінде жаңа стандарттарды енгізуге және халықаралық ғылыми-білім беру ынтымақтастығын нығайтуға серпін берді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі