Шымкентте үш ауысымда оқытатын 19 мектеп бар

1337
Шымкентте оқушы саны жылдан жылға артып келеді. Нәтижесінде мектептерде орын тапшылығы байқалып жатыр. Қазіргі таңда қалада 19 мектеп үш ауысымда білім береді. 
Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов 2018 жылы атқарған жұмыстары бойынша халық алдындағы есеп беру кездесуінде айтты. Әкімнің сөзінше, мемлекет басшысының 2018 жылдың 5 қазанындағы Қазақстан халқына жолдауында көрсетілген тапсырмаларға сәйкес үш ауысымда оқытатын мектептер санын азайту жоспарланып отыр.
«Шымкентте 147 мектеп бар. Ондағы оқитын бала саны 197 мыңнан асады. 2018 жылы 1 қыркүйекте 24 мың бала мектеп табалдырығын аттады. 2017 жылы бұл көрсеткіш 21 мың бала болатын. Жылдан жылға көбейіп барады. Бұл – біз үшін қуанышты жаңалық. Екінші жағынан, орын тапшылығы сезіледі. Дәл қазір үш ауысымда білім беретін 19 мектеп бар. Биыл 10 жаңа мектептің құрылысына                7,5 млрд теңге және 5 мектептің қосымша құрылысына 672 млн теңге қарастырылды. Құрылыс жұмыстарын алдағы көктемде бастаймыз. Осылайша, биыл 19 үш ауысымды мектепті үшеуінің мәселесі шешіледі. Жалпы айтқанда, үш ауысымда білім беретін мектептер мәселесін 2021 жылы толық шешіледі» деді Ғабидолла Әбдірахымов.
Сондай-ақ, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуі аясында Шымкентте студенттердің жатақхана жағдайын жақсартуға арналған бірқатар жоспарлар белгіленген.
«Осы мақсатта «Тұран» шағынауданында 8 гектар жерге 5 мың орындық 14 жатақхана салу жоспарланды. Сонымен қатар, жеке кәсіпкерлер арқылы 200 және 500 орындық жатақхана салу үшін келісім-шарт жасалды. Құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бдан бөлек, қаладағы Медицина академиясының өз қаржысы есебінен қолданыстағы ғимараты 450 орындық жатақхана етіп қайта салынады. Жалпы студенттерді жатақханамен қамту мәселесі 2021-2022 жылдары толық шешімін табады» деді Ғ. Әбдірахымов.