Шымкент қаласында азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттырып, заң көмегін қолжетімді ету мақсатында «AMANAT» партиясының қалалық филиалы мен Шымкент қаласының заң консультанттары палатасы өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Бұл меморандум екі тараптың да бірлескен күш-жігерін қоғамдық қажеттілікке бағыттап, тұрғындарға заңдық көмек көрсету сапасын арттыруды көздейді. Бұл келісім – партия жүзеге асырып жатқан «Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында қолға алынып отыр. Жобаның негізгі мақсаты – әрбір азаматтың заңға қатысты мәселелерде құқықтық көмекке қол жеткізуін қамтамасыз ету.
Құжатқа қол қою рәсіміне «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Мұрат Жолдыхожаев, заң консультанттары палатасының төрағасы Оралбай Құдайберген, сондай-ақ партия қызметкерлері мен палата мамандары қатысты. Бұл маңызды шара екі ұйым арасындағы тығыз ынтымақтастықтың бастамасы болып, алдағы уақытта заңгерлік көмек көрсету саласында нақты жұмыстарды бастауға негіз болады.
Жиын барысында Мұрат Жолдыхожаев бұл меморандумның маңыздылығына тоқталып, халыққа құқықтық көмек көрсетудің өзектілігін атап өтті:
— «AMANAT» — халықтық партия. Бізге азаматтар түрлі мәселемен жүгінеді. Оның ішінде құқықтық қолдауға зәру жандар аз емес. Міне, осындай жандарға сапалы әрі кәсіби көмек көрсету үшін заң консультанттары палатасымен әріптестік орнатудың маңызы зор. Алдағы уақытта бірлесе отырып, нақты нәтижелерге қол жеткіземіз деген сенімдемін,» — деді ол.
Жолдыхожаев партияның азаматтық жауапкершілігін арттыру және қоғамдық қызмет көрсету саласындағы өз үлесін қосуға дайын екенін нақты көрсетті.
Өз кезегінде палата төрағасы Оралбай Құдайберген өз ұйымының қызметімен таныстырып, ынтымақтастықтың алдағы уақытта оң нәтижелер беретініне сенім білдірді. Құдайберген құқықтық қызмет көрсету аясында азаматтардың құқықтарын қорғау үшін маңызды қадамдар жасалатынын атап өтіп, екі тараптың да күш-жігері құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталатынын жеткізді.
Меморандум аясында палата мамандары партияның қоғамдық қабылдау бөлмелерінде азаматтарға тегін заңгерлік кеңес беретін болады. Көмек ауызша да, жазбаша да ұсынылады. Құқықтық көмек кез келген тұрғын үшін қолжетімді болады, бұл өз кезегінде азаматтардың заңдық мәселелерді шешуін жеңілдетіп, олардың құқықтық сауатын арттыруға ықпал етеді. Келісім аясындағы бірлескен жұмыстар үш жыл мерзімге жоспарланған. Бұл ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың нәтижесінде қоғамның құқықтық білім деңгейі көтеріледі және азаматтарға заңгерлік көмек көрсету деңгейі жақсарады.