ШЫҢҒЫС МҰҚАН: Жердің жүрегін жараламайық!

877

Бір нәрседен қорқамын. Жұмыр Жер тіршілік етуге төзгісіз болып қала ма деп қорқам. Аңғал адамның қорқынышы сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ бұл мәселе қазір әзіл болудан қалды.

2014 жылы шыққан “Интерстеллар” деген фильмді көрген шығарсыз. Фильм желісі бойынша, климаттың өзгергені соншалық, жаңбыр жаумайды, үнемі жел, шаңды дауыл, күн ыстық, жерге дым шықпайды. Ғалымдар тіршілікке қолайлы жаңа планета іздеп кетеді. Ғажап туынды.

Өткен күзде “Интерстелларды” еске түсірген қорқынышты бір оқиға болды. Оңтүстікте шаңды дауыл тұрып, тұман сияқты басып қалды. Шыны керек, мұндайды бұрын-соңды көрмегем. Оған биылғы жаздағы аптап ыстықты қосыңыз. Сол кезде біздің планетамыздың қаншалықты қорғансыз екенін сездім.

Соңғы 10 жылдан бері Жердің орташа температурасы қайта-қайта рекорд жаңартып жатыр.

Бүгін Шымкентке климаттың өзгеруі және орнықты даму бойынша сарапшы, Жердің жанашыры десек те болатын шығар, сол үшін 2007 жылы Нобель сыйлығын алған Рае Квон Чунг келді.

ОҚУ-дың ректоры Дария Қожамжарованың шақыруымен келген ғалымның лекциясын рахаттанып отырып тыңдадық. Сонымен бірге Университет жанынан Рае Квон Чунг атындағы орнықты даму орталығы ашылды.

“Өкінішке қарай”, — дейді Чунг мырза, — Ғалымдар қанша жерден дабыл қағып, Жерден күй кетіп бара жатқанын айтып жатса да, бұл мәселеге жүрдім-бардым қараймыз. Сондықтан әрбір адам Жерге жанашыр болуы керек”.

Біз не істей аламыз? “Өз елім, өлең төсегім” демекші, әркімнің өз елі, тұрған жері — төр. Әркімнің аяқ басқан жері — ЖЕРДІҢ ЖҮРЕГІ. Демек өз төріңнің электр қуаты мен суын үнемдеу — әркімнің қолынан келетін істің ең оңайы. Қоршаған ортаға кері әсер ететін әрбір ісіміз Жердің жүрегін жаралайды.

P.S. Бір гипотеза бар. Адам ауырса, қызуы көтеріледі, себебі адамның қызуы бойға түскен вируспен осылай күреседі. Сол сияқты Жер де ауырып, жылдан жылға қызуы көтеріліп келе жатыр. Адамдарды вирус деуден аулақпын, бірақ бұл пікірдің де жаны бар. Десе де, вируста да вирус бар, вирустың жақсысы бар, жаманы бар. Не болсақ та, кім болсақ та, Жерге жанашыр болайық, жанашырлығымызды күнделікті әрекетімізбен дәлелдейік.

«Адырна» ұлттық порталы